ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӨКІЛІМЕН КЕЗДЕСУ

23.04.2019

Көрулер: 2171

Бүгін Шығыстану факультетінде Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінен білім саласындағы жауапты өкілі, Елші кеңесшісі Абдулмуталлиб Четин мырза қонақта болды. Елшіліктен келген қонақты факультет деканы Ph.D Ы.М. Палтөре, Түрксой кафедрасының меңгеруші орынбасары Ph.D Н.М. Абдукадыров және Түркиядан келген аға оқытушы Д. Кабадайы күтіп алды. Кездесу барысында елшілік өкілі қазіргі кезде Түркия Республикасының жастары Қазақстандағы Жоғары оқу орындарында білім алуға қызығушылығының жоғары деңгейде екендігін айта отырып, түркиялық жастарды университетімізге оқуға тартудың қандай мүмкіндіктері бар екендігі жайындағы өз пікірімен бөлісті. Абдулмуталлиб Четин мырза шығыстану факультетінің Түрксой кафедрасында Түркия Республикасының Білім министрлігінің қаржыландыруымен қазіргі кезде ақысыз негізде оқытушылық қызмет етіп жатқан Джерен Кабадайы және Селенай Балоғлумен, сондай-ақ «Мевлана» халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Түркияның Стамбул университетінен келген докторант Гүлбейаз Гөзташпен кездесіп, олардың хал-жағдайларымен, тыныс-тіршілігімен жақыннан танысты, ұсыныс-пікірлері мен іске асырғысы келетін жобаларын тыңдап, әрқашан екі туысқан, бауырлас елдің мәдени, тарихи, тілдік, рухани байланыстарын нығайтуға негіз болатын кез-келген жобаны қолдайтындығын жеткізді. Осы бағытта факультет бастамаларын мейлінше қолдап, түркиялық TRT AVAZ телеканалы арқылы түсірілім жасап, тікелей эфирге немесе арнайы бағдарлама негізінде әлемге танытуға дайын екендігін мәлімдеді.