Оңтүстік Кореяның Ханъянг және Намсеул университеттерінің қатысуымен өткен 9-шы Халықаралық шешендік өнер сайысындағы ҚазҰУ корейтанушыларының мінсіз жеңісі

18.04.2019

Көрулер: 2408

Халықаралық шешендік өнер сайысын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында жыл сайын өткізу дәстүрі 2011 жылы басталған еді. Сол дәстүрді жалғастыра келе, 2018-2019 оқу жылының 10 сәуір күні Оңтүстік Кореяның Ханъянг және Намсеул университетінің қатысуымен корей тілінен 9-шы халықаралық шешендік өнер сайысы өтті.

            Сайыстың бірінші кезеңінде Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан студенттерінің жазба жұмыстары қабылданды. Ал екінші кезеңге өткендер қатарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың студенттері болып, Корея университеттерінің қонақтары сарапшы болды.  

            Бұл сайыста қатысушылар өздерін мазалап, тебірентіп жүрген сұрақтар төңірегінде ойларын жеткізіп қана қоймай, шешендік қабілеті мен тыңдаушыларды көндіре білу өнерін көрсету мүмкіндігіне ие болды. Олар: «Мен неге корей тілін таңдадым?», «Кореяға алғаш сапарым», «Корея медицинасы және мен», «К-рор» сияқты әртүрлі тақырыпта сөйледі.

Қазылар алқасы құрамында Намсеул университетінің халықаралық қатынастар департаментінің директоры Юн Тэ Хун профессор, осы департаменттің менеджері Чхве Ин Ук мырза, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Мен Д.В. және аға оқытушылары Чанг Бен Сунг, Мионг Сун Ок болды.

            Қатысушылардың шешендік өнерін бағалауда тақырыптың мазмұны (тақырыптың өзектілігі, сөйлеудің логико-композициялық үйлесімділігі, дәйектілігі, тереңдігі); эмоционалдылығы (тұлғалық қыры, шешендік қасиеттерді көрсете білуі, аудиториямен қарым-қатынас орната білуі, шешендік амалдарды қолдануы); сөз саптау шеберлігі (тіл байлық, мәнерлі сөздерді қолдана білуі, тілдік қателіктердің болмауы, сөйлеу екпіні, тембр, дауыс) ескерілді.

Шешендік өнер сайысында жеңіске жеткендер:

1 орын  – Бакумбайқызы Аружан, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Шығыстану» мамандығының 2 курс студенті ( тақырыбы « K-Pop»)

2 орын – Тоқтарбекова Анель, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 2 курс студенті (тақырыбы «Екіжүзді K-Pop»

3 орын – Алимжанова Ұлжан, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Аударма ісі» мамандығының 2 курс студенті (тақырыбы «Корей фразеологизмдерінің құпиясы»)

4 орын – Серикқан Аружан, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Аударма ісі» мамандығының 2 курс студенті (тақырыбы «Адамзат пен қоршаған орта»).

Сонымен қатар, қазылар алқасының арнайы сыйлығына   әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Аударма ісі» мамандығының 2 курс студенті Қайырлиева Гүлімбибі (тақырыбы «Корей тілінің мақал-мәтелдері») ие болды.

Профессор Юн Тэ Хун 1-орын алған жеңімпазды Ханъян университетінің магистратура оқуына жолдамамен; 2, 3, 4 орындарға Намсеул университетінде 1 жылдық білім алу жолдамасымен марапаттады.

Кафедра студенттерін жетістіктерімен құттықтаймыз!