Жапон ғалымдарының іс-сапары

02.04.2018

Көрулер: 1909

30.03.-06.04.2018 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жаныннан құрылған «ГЕОАРХЕОЛОГИЯ» халықаралық ғылыми-зерттеу зертханасының директоры т.ғ.к., доцент Ғ.Т. Бексеитовтың арнайы шақыруымен, өздерінің қаражатына Жапон елінің ғалымдары: Нара мәдениет құндылықтары ғылыми зерттеу институтының жетекші ғалымы, Phd докторы  Садакатцу Кунитаке және Токио университетінің, археология бөлімі директорының орынбасары, профессор Сато Хироюки екеуі  университетіміздің бетке ұстар ғалым, археолог, тас ғасырының білікті мамандарымен тәжірибие алмасу барысында ғылыми іс-сапармен келіп қайтты.

02.04.2018 жылы профессор Сато Хироюки университетіміздің тарих, археология және этнология факультетінде, археология мамандығында білім алып жатқан болашақ студент, магистрант, докторант мамандарға арнап «Жапон архипелагында орналасқан плейстоцен және голоцен ескерткіштері» деген тақырыпта дәріс оқып, жас ғалымдарға Жапония елінің аймағында орналасқан тас ғасырына тән ескерткіштер мен тұрақтар жөнінде мол мәлімет беріп, ғылыми тәжірибе алмасу арқылы,  Қазақстанның тас ғасыры ескерткіштерімен салыстыру арқылы дәлелдемелерін келтіріп өтті. Осылайша Жапония мен Қазақстан аймағының тас ғасыры заманына тән ескерткіштері сипатталып, дәріс барысында оқытушылар құрамы мен дәріс алушылар тарапынан  сұрақтар қойылып, пікір алысып, жауаптары пысықталды.

Келесі күні «ГЕОАРХЕОЛОГИЯ» халықаралық ғылыми-зерттеу зертханасының директоры, т.ғ.к., доцент Ғалымжан Тұқымбайұлы Бексеитовтың бастамасымен PhD докторы Садо Кунитаке және профессор Сато Хироюкидің қатысуымен  бірге Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстак елді-мекенінің маңайында орналасқан тас ғасыры ескерткішінде кішігірім археологиялық барлау  қазба жұмысы ұйымдастырылды. Нәтижесінде алынған сынамаларды жапондық ғалымдар өз мемлекетіне сараптама жасатуға алып кетті. Сөйтіп Қазақстан мен Жапон мемлекетінің тас ғасыры ғалымдарының арасында ғылыми байланыс орнатылып, біріккен археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге қол жеткізіліп, болашақта тас ғасыры мамандарын дайындауға, байланыс орнатуға сара жол салынды.

Археология, этнология және музеология кафедрасы