Ректор PolyU өкілдерімен кездесті

26.04.2018

Көрулер: 3191

ҚазҰУ-да Гонконг политехникалық университеті мен ҚазҰУ ғалымдары бірлесе ғылыми жобаларды жүзеге асыратын құзіреттілік орталығы ашылады.

ҚазҰУ басшылығымен ресми кездесу кезінде екі жоғары оқу орнының өкілдері осындай алдын-ала келісімге келді. PolyU университеті делегациясының айтуынша, ҚазҰУ-да IT-технология және индустриалды саласы дамуының келешегі зор және үлкен мүмкіндіктерге ие.

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов «Бүгінде Қазақстанда 4.0 тренді мен ақпараттық технологияларды дамытуға үлкен мән беріледі. құзіреттілік орталық экономика, білім және ғылым саласындағы көптеген бағыттарды іске асыратын алаңға айналатын болады. Жаһандану кезеңінде және жаңа технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында ЖОО дамытудың «Университет үлгісі 4.0» өте маңызды рөлге ие. Университеттердің міндеті жоғары білікті және бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау ғана емес, сондай-ақ ғылым мен білім саласындағы стратегиялық бағдарламаларды жүзеге асыру болып табылады. Осы тұрғыда ҚазҰУ «Al-Farabi University smart city» жобасы аясында «Университет үлгісі 4.0» жаңа буын университет үлгісін жүзеге асыра отырып, Қазақстанда тұңғыш рет ашық білім берудің Ұлттық платформасын іске қосуға мүмкіндік беретін жаппай ашық курстар өткізді», - деді ректор.  

Кездесуде ҚазҰУ-ға ҚХР мемлекеттік гранты бойынша бөлінген суперкомпьютерді пайдалану ұсынылды. Бұл компьютер білім беру, ғылым және техника саласындағы ынтымақтастық орнатудың сандық форматтағы болашақ алаңы ретінде халықаралық IT-технопарк маңызды элементі болуы қажет.

Өз кезегінде Гонконг политехникалық университетінің индустриялық орталығының директорының кеңесшісі Кам Пью Луис Чу, аталған орталықтың аға инженер-менеджері Так Фай Алвин Вонг, PolyU университеті мен индустриялық орталықтың қызметі мен жобаларын толықтай таныстырды. Гонконг политехникалық университеті Гонконгтағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі және Азияның 30 үздік университеттерінің қатарына енеді. Университет өздерінің ең үздік өнертабыстары мен әзірлемелерінен 200-ден астам әртүрлі халықаралық премиялар мен марапаттарға ие болған. Университетте қолданбалы ғылымдар, инженерлік, құрылыс және басқа да мамандықтар бойынша білім беретін 8 факультет жұмыс істейді.

Кездесу соңында Гонконг делегациясы ҚазҰУ қызметіне жоғары баға беріп, бірлескен ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және базалық құзыреттілік орталығын ашу саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендіктерін жеткізді.

Баспасөз қызметі