Ө. А. Жолдасбековтың өмірбаяны

Марапаттар

ЖОЛДАСБЕКОВ Өмірбек Арысланұлы, ҚР Инженерлік Академиясының Президенті (1991-1999) ҚР ҰҒА-ның, ХА және ҚР Инженерлік Академияларының Академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Жолдасбеков Өмірбек Арысланұлы 1931 жылы 1 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент ауданының Қызыл-Су ауылында дүниеге келді. Мемлекеттік сыйлықтың және В.Г. Шухов, әл-Хорезми атындағы халықаралық Алтын медальдардың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, жоғарғы мектеп, ғылым, инженерлік істі ұйымдастырушы, қоғам және саяси қайраткер, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының, Халықаралық және Республикалық Инженерлік академиялардың академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, Америка инженер-механиктер қоғамының мүшесі, механизмдер мен машиналар теориясы (ММТ) және робототехникалар жүйесі механикасының әлемге әйгілі маманы. 1949 жылы Шымкент қаласындағы Сыпатаев атындағы мектепті алтын медальға бітіріп, сол жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекттік университетінің механика-математика факультетіне түсті. Өмірбек Арысланұлы 1954 жылы үйленді. Мұндағы айта кететін жайт: осы үйлену тойы Мәскеу мемлекеттік университетінің жаңа ғимаратында өткен бірінші студенттік той еді.

Университетті   1954   жылы   бітіргеннен   кейін,   ол  (1954-1958жылдары)   Шымкенттегі  Қазақ  технологиялық  институтының

математика және механика кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, механика факультетінің деканы қызметтерін атқарды. 1961 жылы Ө.А. Жолдасбеков Мәскеу тоқыма институтының аспирантурасын бітірді де осы жоғарғы оқу орынында оқытушы болып еңбек етті. Ө.А. Жолдасбеков – 1962-1964 жылдары Қазақ политехникалық институтының доценті, кафедра меңгерушісі, сонан соң 1970 жылға дейін оқу ісі жөніндегі проректоры.

ҚазПТИ-дағы жұмыс жылдары – Ө.А. Жолдасбековтың педагог, ғалым және басшы ретінде творчестволық өсу жылдары болып табылады.

Осы жылдары Өмірбек Арысланұлының бастамасымен оқу процесінде жаңа әдістер мен принциптер қолданылып бірсыпыра пәндерді оқыту жоспарларына түзетулер енгізілді. Оқу процесіне жалпы теориялық пәндер мен арнаулы пәндердің ара қатынасына баса көңіл қойылған құрылымды-логикалық сүлбе құру енгізілді, яғни оқыту процесінде пәнаралық байланыстар мен пәндерді оқыту тәртібінің логикалық сәйкестігіне ерекше назар аударылды. Дарынды педагог Ө.А. Жолдасбеков оқу бағдарламаларының ішкі құпия-сырларын тереңінен меңгеріп, оларды жүзеге асыру жоспарларының тиімді жолдарын таба білді. Өмірбек Арысланұлының Қазақ ұлттық техникалық университетінің дамуына қосқан лайықты үлесі басқа жоғарға оқу орындарына да аса маңызды екенін айта кету керек.

1970-1986 жылдары С.М. Киров (кейіннен әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры болған Ө.А.Жолдасбеков 16 жыл бойы еліміздің ең үлкен жоғарғы оқу орнына басшылық етті. Осы жылдары Өмірбек Арысланұлының тікелей қатысып басшылық етуімен университет қалашығы кешенінің ғимараттары бой көтерді және өндірістің әртүрлі салаларына, ғылым мен мәдениет салаларына мамандар дайындау ісі жетілдіріле түсті. 1970 жылы ҚазМУ-да машиналар механикалық ғылыми зерттеу лабораториясы ашылды. 1971 жылы Алматыда механизмдер және машиналар теориясы (ММТ) Бүкілодақтық семинарының қазақ филиалы, қазіргі кезде механизмдер және машиналар теориясының қазақстандық семинары ұйымдастырылды.

Өмірбек Арысланұлы профессор Н.И. Левитскиймен бірлесіп КСРО Жоғарғы білім министрлігінің тапсыруымен «Механизмдер мен машиналар теориясы» курсының бағдарламасын жасады. ҚазМУ-дың механика және қолданбалы математика факультеті жанында 1973 жылы ұйымдастырылған қолданбалы механика кафедрасы елімізде тұңғыш рет механизмдер және машиналар теориясы бойынша университеттік сапалы білімді мамандар дайындай бастады, сонымен бірге, КСРО-да алғашқы болып университет жанынан студенттер мен оқытушылардың ғылыми ізденістерінің нәтижелері негізінде макеттер мен үлгілер жасайтын Тәжірибелік-эксперименттік зауыт және де робототехника бойынша республикалық оқыту-зерттеу орталығы ұйымдастырылды.

Ө.А. Жолдасбековтың тікелей араласып ұйымдастыруымен ҚазМУ базасында 1977-1981 жылдары өткізілген Механизмдер және машиналар теориясының Бүкілодақтық съезі мен Теориялық және қолданбалы механикалық V-Бүкілодақтық съезі республикамызда машинар механикасы ғылымының дамуына күшті импульс берді. Республикамыздың бас жоғарғы оқу орны – Қазақ мемлекеттік университеті, Ө.А. Жолдасбеков ректор болып тұрған жылдары өзінің материалдық техникалық базасын елеулі ұлғайтып, халықаралық беделге ие болды. Қазақ мемлекеттік университеті КСРО-ның аздаған жоғарғы оқу орындары қатарында университеттердің халықаралық ассоциациясына қабылданды, Қазақстан жоғарғы мектебінің мақтанышы – сәулетті қалашық КазГУград салынды.

1986-1988 жылдары Өмірбек Арысланұлы ҚазМУ-дың қолданбалы механика кафедрасын басқарды.

1988-1991 жылдары Қазақ КСР-і Ғылым академиясы Математика және механика институтының меңгерушісі болды.

Ө.А. Жолдасбеков – өз бастамасымен Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы жанында 1991 жылы ұйымдастырылған Механика және машинатану институтының 1995 жылға дейінгі директопы және де 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Ғылым, білім және технологиялар комитетінің төрағасы, 1995 жылдың желтоқсанында сайлаушылардың 99,32 % дауыстарын алған Өмірбек Арысланұлы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланып, 1996 жылдың қаңтарынан өмірінің соңғы күндеріне дейін Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы.

Шынайы ғалымның өзінен кейінгі қалдырғандарынның ең бағалысы – ғылыми мұра, көптеген шәкірттер мен жолын қуушылар.

Ө.А. Жолдасбеков – 400-ден астам ғылыми еңбектердің, 12 монография, 30 оқулықтар мен оқу құралдарының авторы, 126 авторлық куәліктер мен шетел патенттерінің иегері.

Өмірбек Арысланұлы машинатанудың қазақша терминологиясының тұңғыш құраушысы, механизмдер мен машиналар теориясы және теориялық механика пәндерінен қазақ тіліндегі алғашқы оқулықтардың, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктердің авторы.

Көрнекті ғалым және педагог-академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков Қазақстандағы механизмдер мен машиналар теориясы мектебінің негізін қалаушы, жазық және кеңістіктік жоғары сыныпты механизмдер (ЖСМ) теорияларының іргелі негіздерін құраушы. Жоғары сыныпты механизмдердің теориясы бойынша жүргізілген іргелі ғылыми зерттеулердің нәтижелері негізінде принципті тұрғыдан жаңа, дүниежүзілік практикада баламасы жоқ көптеген авторлық куәліктер және патенттермен қорғалған жүккөтергіш, грейферлік механизмдер мен манипуляторлық құрылғылардың экспериментальдық және тәжірибелік үлгілері жасалды.

Академик Ө.А. Жолдасбеков 25 ғылым докторын және 100-ден астам ғылым кандидаттарын дайындады. Ол ұйымдастырған ғылыми мектеп әлемдік ғылымда лайықты орын алып, басты бағыттарда зерттеулер жүргізуде.

Ө.А. Жолдасбеков – Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясын ұйымдастырушы және оның Президенті, Халықаралық Инженерлік академиясының академигі және 1-вице-президенті, Ислам мемлекеттері инженерлік қоғамдары федерациясының вице-президенті, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы мен Инженерлік академиясының академигі, АҚШ инженер-механиктер қоғамының және Экологиялық қайта құру халықаралық академиясының толық мүшесі, Пәкістан Инженерлік академиясының және бірқатар мемлекеттердің Инженерлік академияларының Құрметті академигі, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, халықаралық В.Г. Шухов және әл-Хорезми аттарындағы Алтын медальдардың иегері. Дүниежүзілік инженерлік қозғалысты дамыту, Халықаралық Инженерлік академияны басқару, ғылымды дамыту және инженердің беделін көтеру, жаңа заман талаптарына сай еңбек ету жолындағы қызметтерінде академик Ө.А. Жолдасбеков өзінің негізгі шешімдеріне дүниеге, ғылымға және ғылыми-техникалық прогреске деген өзіндік көзқарас, өзіндік түсінік арқылы келіп отырды, өйткені ол өз халқының ежелгі мәдениетін бойына жинаған, әлемде болып жатқан ғылыми-техникалық революцияны тереңінен түсінген жаңа формациялық философ-ғалым. Академик Ө.А. Жолдасбековтың философиялық мұрасын түсіну оның шәкірттері мен жолын қуғандардың келешектегі борышы, өйткені ғалым еңбектері мен мақалары – білімнің бір ерекше әлемін ашады және дүниежүзінде жүріп жатқан түрленістерге философиялық түсінік береді.

Академик Ө.А. Жолдасбеков – ғылымның ірі ұйымдастырушысы және қоғам мен саясаттың көрнекті қайраткері. Еліміздің Жоғарғы Кеңесіне алты рет депутат болып сайланды, ал 1996 жылдан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы болды.

1992 жылы Өмірбек Арысланұлының бастамасымен өткізілген Қазақстан Инженерлер қауымының І съезінде Республикалық Инженерлер Одағы құрылды. Съезд жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысты. Инженерлер қоғамының ІІІ съезінде Инженерлер Одағы Республикалық саяси еңбек партиясы ретінде қайта құрылып, Ө.А. Жолдасбеков партияның төрағасы болып сайланды. Өмірбек Арысланұлының ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту және кеңейту жолындағы көп жылғы еңбегінің жемісі – 1998 жылдың қаңтарындағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Салааралық ғылыми-техникалық орталық «Машинажасау» мемлекеттік мекемесінің құрылуы.

Академик Ө.А. Жолдасбеков өзінің бастамасымен құрылған докторлық диссертациялар қорғалатын Аймақтық Арнаулы Кеңестің төрағасы ретінде Қазақстан, Орта Азия республикалары, Әзербайжан, Украина, Армения, Грузия және басқа мемлекеттер үшін жоғарғы квалификациялы ғылыми кадрлар даярлау ісіне зор үлес қосты. Ол механик-ғалымдардың қазақстандық мектебінің халықаралық байланыстарын нығайту үшін көп күш пен энергия жұмсады.

Механизмдер мен машиналар теориясының Ө.А. Жолдасбеков басқарған Қазақ мектебінің халықаралық көлемде мойындалуы Механизмдер және машинар теориясы мен теориялық және қолданбалы механика бойынша Қазақ Ұлттық Комитеттерінің құрылуын және олардың беделді халықаралық ұйымдар (ММТ жөніндегі әлемдік федерация, теориялық және қолданбалы механика жөніндегі әлемдік Федерация) құрамына қабылдануын айтуға болады.

Ө.А. Жолдасбеков үкіметіміздің жоғарғы наградалары: Ленин ордені, екі Еңбек Қызыл Ту ордені, КСРО медальдары және Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Кеңестер Одағы Компартиясының XXIV, XXV съездеріне және Қазақстан Компартиясының XIII-XVI съездеріне делегаттыққа сайланды.

Евразиялық еркін инженерлік аумақ құру бойынша академиктің істеген жұмыстары – қызметінің ең маңызды кезеңі. Бұл мәселені шешудің негізгі иінтірегі Европа мен Азиядағы инженерлік істің қуатты орталығы болып саналатын және ғалымдар мен инженерлердің күшін біріктіре алатын Халықаралық Инженерлер Академиясы болуы тиіс. Ө.А. Жолдасбековтың ұсыныстары Халықаралық Инженерлер Академиясының мүшелері үшін өсиет болып табылады, оны, ғалымның дұрыс түсінген қаламдастары жүзеге асыруға кірісті және толығымен орындалады да.

Ө.А. Жолдасбеков – тамаша отбасы, сүюші ер, қамқоршы әке, мейірімді ата еді.

Академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтың өмір жолы – Отанға шексіз беріле қызмет етудің, адамдарға мол адамгершілік және ізгі тілектестікпен қараудың, жастарға деген әкелік қамқоршылықтың, шынайы зиялылықтың жарқын өнегесі.