"Сыр-Арал этнографиясы" кітабының тұсаукесері

18.01.2023

Көрулер: 509

2023 жылдың 18 қаңтарында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында этнограф-ғалым Тәттігүл Картаеваның «Сыр-Арал этнографиясы» (Qazaq баспасы) атты кітабының таныстырылымы өтті. Кітап «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасының «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы аясында жарық көрді.
Кітап таныстырылымына ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтынан Нұрсан Әлімбай, Серік Әжіғали, Ахмет Тоқтабай, Әуезхан Шашаев, Гүлмира Орынбаева, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтынан Ақан Оңғар, Ералы Ақынбек, Жанболат Утубаев, М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтынан Гүлзия Пралиева, т.б. ғалымдар пікір білдірді. ҚР Жазушылар Одағы өкілдері, белгілі ақын жазушылар, Бақыт Беделхан, Бағдат Мүбәрәк, Ержан Алаштуған; ҚР Мемлекеттік Орталық музей директоры Рашида Харипова, «Қырым аралы» ғылыми-реставрация лабораториясының директоры Қырым Алтынбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Естай Даубаев т.б. белгілі тұлғалар өз ойларын ортаға салды.
«Сыр-Арал этнографиясы» атты зерттеу еңбегінің таныстырылымында киіз үй тігу, киіз үйдің шаңырағын сәндеу мәдениетімен, суды пайдалану әдістері, соның ішінде құдық қазу және оның қабырғасын тас, кірпішпен қалау, сондай-ақ жүзгін, көкбұта, сексеуіл, тораңғымен шегендеу сияқты табиғатты игерумен байланысты қазақ халқының дәстүрлі білімдер жүйесінің аймақтық және жергілікті жерге тән ерекшелігімен таныстыратын көрме өтеді. Аймақты зерттеу барысында белсенді қолданыстағы құдықтар түрлерімен қатар, жойылу қаупі бар және шұғыл қорғауды қажет ететін кейбір қарауыл-құдық түрлері анықталды. Қызылқұм, Арал аймағында тұратын қазақтардың мал қора соғу, түйені таңбалау арқылы тіркеуге алу сияқты шаруашылық жүргізу қызметінің түрлері, сондай-ақ үй кәсіпшілігін жүргізуі және күнделікті өмір мен тұрмыстағы дәстүрлерді көрсететін фотосуреттер қойылды.