«Лидерлік дәрістер» өз жалғасын табуда

29 қараша 2020 жыл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультеті, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы ұйытқы болып отырған ұлы ойшыл, ғұлама Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығының аясында араб тілі ұстаздарына, докторанттар мен магистранттарға арнап халықаралық дәрежеде ұйымдастырылған «Лидерлік дәріс» өтті.

Аталып өткендей, дәрістер сериясы «әл-Фарабидің тілдік және логикалық философиясының жаңа қырлары» атты вебинар-дәріспен жалғасып, онлайн форматта ұйымдастырылды. Дәрісті осы іс-шараға арнайы қатысуға шақырылған Мысыр Араб Республикасының араб тілі бағдарламаларының әдістемелері бойынша майталман маман, профессор Махмуд Абулхафиз Халафалла оқыды. Дәріске алыс шақын шетелден ғалымдар қатысты (Мысыр, Өзбекстан, Қырғызыстан т.б.) Вебинар барысында дәріскер тыңдаушыларды әл-Фараби философиясының жаңа қырларымен таныстырып, тосын да тың мәліметтер берумен қатар, ұлы философ өмірінен кейбір деректер келтіре кетті.

Дәріс барысында ұлы ойшылдың кейбір философиялық тұжырымдары бойынша пікір алмасу болып өтіп, алыс-жақын шетелдерден қатысқан тыңдаушылар дәріске белсенді араласты. Тыңдаушылар дәріс соңында алған әсерлерімен бөлісіп, әдеттегідей, сұрақ-жауап кезеңіне кезек беріліп, көптеген көкейкесті сауалдарға жауап алынды.

Басылым күні :  01.11.2020