Шығыстану факультетінде «Парсы шығанағы аймағындағы Қазақстан саясаты» атты лекция өтті

12.04.2024 жылы сағат 11:00-де әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің Б.Ибрашев атындағы аудиториясында Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының ұйымдастыруымен қазақстандық журналист, Сирия мәселесі бойынша бірқатар еңбектердің авторы, «Әл-Фарабидің әлемдік мұрасы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, Сирия мәселесі бойынша сарапшы Баталова Ақмарал Валериановна ханымның «Парсы шығанағы аймағындағы Қазақстан саясаты» атты лекциясы өтті.

Лекцияға Шығыстану факультетінің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары, сондай-ақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің деканы Б.М. Мейрбаев қатысты.

Лектор Баталова Ақмарал қазіргі таңда әлемдік мәселеге айналған Таяу Шығыс мәселесінің пайда болуы мен салдары, оның шиеленісуіне алып келген факторлар туралы жан-жақты баяндап, қатысушылардың қызығушылығын арттыра түсті. Әсіресе Таяу Шығыс елдерінің тілімен қоса (араб, парсы), әдебиетін, тарихын, мәдениетін үйреніп жатқан студенттер мен магистранттар, докторанттар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, қанағаттанарлық жауап алып отырды.

Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз жатқан Сирия елінің басына іс түскен қиын-қыстау заманда Қазақстан мен Сирия арасындағы достық қарым-қатынастың әрі жалпыадамдық құндылықтардың үлгісін көрсетіп, түрлі гуманитарлық, ахлақтық қолдау көрсету ісіне белсене араласып, Таяу Шығыс мәселесінің ғылыми сарапшысы ретінде зерттеулер жүргізіп келе жатқаны үшін Баталова Ақмарал ханымға Шығыстану факультеті деканы атынан алғыс хат табыс етілді.



Хаван Айдынгүл
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы

 

 

Басылым күні :  12.04.2024