Coursera платформасындағы онлайн курстарды оқу үдерісінде пайдаланудың студенттер үшін маңыздылығы талқыланды

«Тұрақты даму мақсаттары» (ЦУР) жобасының тұрақты даму үшін серіктестік тармағы аясында 2024 жылдың 8-ақпаны күні Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының профессоры, ф.ғ.д. Б.Н. Джубатова «Coursera платформасындағы онлайн курстарды оқу үдерісінде пайдаланудың студенттер үшін маңыздылығы» атты семинар өткізді. Семинар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті мен «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті арасындағы студенттердің іс-тәжірибелерін өткізу туралы екіжақты келісім-шарт аясында ұйымдастырылды.

Coursera білім беру платформасы білімді замануи үлгіде, өзекті дағдылармен үйлестіре отырып беру мақ­сатында әлемнің көптеген жетекші университеттері мен технологиялық күштерді бір орталыққа топтастыратын ең ірі білім беру ұйымы. Семинар барысында Coursera платформасындағы онлайн курстарды пайдалану заманға қажетті білімді өз саласының мамандарынан алуға арналған өте ыңғайлы құрал екені, платформаны семестр кезінде де, бос уақытта да аталған платформа арқылы қосымша оқуға мүмкіндік беретіні, Coursera-да ең тиімдісі, курстарды аяқтау үшін көп уақыт талап етпейтіндігі т.б. мәселелер жан-жақты талқыланды.

Семинардың келесі бөлімі «Палестина-Израиль қақтығысының себептері, тарихы және бүгінгі ахуалы» атты дәріске ұласты. Таяу Шығыстағы Палестина мен Израиль арасындағы қақтығыс 75 жылдан астам уақыттан бері әлі күнге шешімін таппай келе жатқан әлемдегі ең ұзаққа созылған шиеленістердің бірі екені, оның пайда болу себептері мен барысы, нәтижесі талқыланып, студенттерге түсіндірілді. Студенттер дәріске белсенді қатысып, өзекті сұрақтарға толыққанды жауап алып отырды.

 


Хаван Айдынгүл, Гуманитарлық ғылымдар магистрі.

Басылым күні :  13.02.2024