«NOWRUZ FEST» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОНЛАЙН ПОЭЗИЯ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

 

18 наурыз 2022 жыл әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының ұйымдастыруымен Шығыс елдеріне ортақ Наурыз мерекесіне арналған «NOWRUZ FEST» Халықаралық онлайн поэзия фестивалі өтті. Көктемгі күн мен түннің теңелетін күні Наурызды дүние жүзіндегі 300 миллионнан астам адам жаңа жылдың басы ретінде тойлайды және Балқанда, Таяу Шығыста, Кавказда, Пәкістанда, Иранда, Орталық Азияда және Қара теңіз бассейні және басқа да аймақтарда 3000 жылдан астам уақыт бойы тойланып келеді. Наурыздың халықтар арасындағы өзара сыйластық пен бейбітшілік пен тату көршілік мұраттарына негізделген байланыстарды нығайтудағы рөлі зор. Наурыз сөзі (Навруз, Новруз, Навруз, Нооруз, Невруз) «жаңа күн» дегенді білдіреді және жылдың басы, көктемнің басы ретінде тойланады.

Наурыз тақырыбы ғасырлар бойы жырланған және халықтың әр көктемде жаңалық пен үміт кететінін анық көрсететін халықтық мереке. Демек көктемнің келуін аңсаған, жаңа маусымның келуінен жаңалық күткен шығыс халықтарының арман-тілектері ғасырлар бойы ақындардың жыр шумақтарынан көрініс тауып отырған. Наурыз тақырыбына тәжік-парсы ақындарының көбісі қалам тартқан. Атап айтқанда Фирдауси, Сағди, Жалаладдин Руми, Аттар, Носир Хосроу, Низами, Хафиз, Омар Хайям, Жәми және жүздеген заманауи ақындар жаңарудың басы саналған наурыз мерекесіне түрлі жырларын арнаған.

Шығыс поэзиясындағы наурызға қатысты арман-тілектер бүгінгі заманауи қоғам үшін де өте өзекті. Бүгінгі таңда әрбір адам көктемнің келуімен жаңа жоспарлар құрып, жаңалық пен өзгерісті күтетіні анық. Көктемнің келгеніне қуанып болашаққа деген үміті арта түсетін әрбір адам үшін бір сәт дамыл тауып ортақ құндылықтар туралы ойлануы өте маңызды. Осы мақсатта ортақ мерекені ақындардың жыр шумақтарын оқу арқылы үндесі үшін бірнеше университеттердің қатысуымен «NOWRUZ FEST» Халықаралық онлайн поэзия фестивалі өткізілді. «NOWRUZ FEST» мәдени шарасына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушылары және студенттері және Қазақстанның бірнеше ЖОО мен Пәкістан, Тәжікстан, Иран, Дағыстан және Өзбекстанның студенттері қатысып наурызға арналған тәжік-парсы ақындарының жыр-шумақтарын оқып наурыз тақырыбы әрқашан түрлі елдер мен мәдениеттерді біріктіре береді деген ойға тоқтады.

 

Басылым күні :  19.03.2022