Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінде Қазақстан Республикасындағы Үндістан Республикасының Елшілігі жанындағы Свами Вивекананда атындағы үнді мәдени орталығының директорымен кездесу өтті

 

2022 жылдың 25 ақпанында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының үндітану бөлімінің оқытушылары Үндістан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі жанындағы Свами Вивекананда атындағы үнді мәдени орталығының директоры Санджай Веди мырзамен кездесті.

2022 жылдың ақпан айы – Қазақстан мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30-жыл толуымен ерекшеленеді. Осы жылдар ішінде екі ел ынтымақтастығында экономика, инновациялық технологиялар, мәдениет, ғылым және білім салаларында айтарлықтай табыстарға қол жеткізілді.

1998 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінде Үндістанды зерттеу орталығы ашылғаннан бері хинди тілі оқытылып келеді. Отандық үндітану іс жүзінде енді ғана дами бастады. Хинди және урду тілдерінің оқытушылары типтік бағдарламалар, оқу-әдістемелік материалдар дайындап, ғылыми зерттеулер жүргізіп, оқу-әдістемелік құралдар мен ғылыми мақалалар шығарып келеді.

Үндістан елшілігі студенттердің бір жылдық тіл тәжірибесін ұйымдастыруға үлкен көмек көрсетеді. әл-Фараби ҚазҰУ жыл сайын бірнеше студенттерді Үндістанның әртүрлі университеттеріне: Орталық хинди тілі институты (Агра, Дели), Дели университеті, Джамия Миллия Исламия университеті (Дели), т.б. оқу орындарына ICCR бағдарламалары арқылы оқуға жіберуге мүмкіндікке ие болады. Оқуды бітіргеннен кейін студенттер емтихан тапсырып, ресми сертификаттарын алады. Қарқынды оқу үдерісінен басқа, оқу жылы ішінде студенттер үшін Үндістан бойынша бірнеше мәдени-танымдық турлар ұйымдастырылады. Үндістанда бір жылдық тіл тағылымдамасы студенттердің тілдік дағдыларының деңгейін айтарлықтай жақсартуға және олардың ой-өрісін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Үнді мәдени орталығының директоры Санджай Веди мырза әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің жұмысымен, сондай-ақ ондағы Махатма Ганди және Мухаммад Али Джинна атындағы орталықтарымен танысты.


 

Кездесу барысында келесі жұмыс бағыттарын қамтитын ғылым және білім беру саласындағы екіжақты қарым-қатынастардың болашақ жобалары қарастырылды:

  1. Үндістан университеттерінде үндітанушы оқытушылардың біліктілігін арттыру.
  2. Шығыстану факультетіне тәжірибе алмасу мақсатында Үндістаннан оқытушыларды жұмысқа шақыру.
  3. Оқу жобаларын жүзеге асыру – оқу-әдістемелік құралдарды дайындау (қазақ және орыс тілдерінде).
  4. Үнді ғалымдарымен бірлесіп ғылыми жобаларды жүзеге асыру. 


 

 

Басылым күні :  01.03.2022