Шығыстану факультетінде ҚР ҰҒА мүше корреспонденті, т.ғ.д., профессор М.Х. Әбусеитовамен вебинар өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының ұйымдастыруымен белгілі отандық шығыстанушы ғалым, Р.Б. Сүлейменов атындағы шығыстану институты Республикалық тарихи материалдарды зерттеу ақпарақттық орталығының директоры, ҚР ҰҒА мүше корреспонденті, т.ғ.д., профессор М.Х. Әбусеитованы арнайы шақырып 2022-жылдың 18 ақпан күні сағат 16.00 «Қазақстандық шығыстану: тарих және қазіргі заман» атты тақырыпта вебинар өткізді. Вебинарды ұйымдастырудағы басты мақсат отандық шығыстану мектебінің кешегісі мен бүгінгісін саралау мен сабақтастық тақырыбына назар аудару. Сонымен қатар жас шығыстанушыларды отандық шығыстану ғылымының дамуына үлес қосқан мамандарымен, Р.Б.Сүйлейменов атындағы шығыстану институтының құрылу тарихымен және осы институттың 30 жылдық тарихында атқарылған басты жұмыстармен жан-жақты таныстыру болатын. Белгілі отандық ғалым, бүкіл ғұмырын шығыстану ғылымына арнаған профессор М.Х. Әбусеитова вебинар барысында бүгінгі шығыстану мектебінің қалыптасуына еңбегі сіңген бірқатар ғалымдарды ерекше атап өтті. Олардың ішінде Р.Б. Сүлейменов, Ә.Б. Дербісәлі, В.П. Юдин, К.А.Пищулина және т.б. бірқатар шығыстанушы ғалымдар бар. Бір кездері шығыстану институты, шығыстанушылар дайындайтын арнайы факультет болмаған кезеңді бастан кешірген отандық аға буын шығыстанушылардың бүгінгі отандық жас буын шығыстанушыларға берері мол екенін нақты мысалдар арқылы жеткізді. Аға буын шығыстанушылар мен жас буын шығыстанушылардың арасындағы сабақтастық болуы заңды құбылыс және алдағы уақытта шығыстану ғылымының жасау керек жұмыстарының өте көп екендігіне тоқтады. Профессор М.Х. Әбусеитова 1998-2013 жылдар аралығында Р.Б. Сүлейменов атындағы шығыстану институтының директоры, Республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасының жетекшісі және шығыс деректемелеріндегі Қазақстан тарихы сериясымен жарық көрген көп томдық ғылыми жинақтардың жетекшісі ретінде өз тәжірибесімен жастармен бөлісуге дайын екеніне тоқталды.

Вебинар барысында әлемнің танымал кітапханаларында сақталған Қазақстан тарихы мен руханиятына қатысты шығыс тілдерінде жазылған материалдарды, артефактілерді, карталар мен құжаттарды зерттеу ұзақ жылдық жұмыс екенін айта келе, осындай маңызды жұмысты бірге атқаруға барлық шығыстанушыларды шақырды. Вебинар сұрақ-жауаппен жалғасты және алдағы уақытта вебинар қонағы жас шығыстанушылар әсіресе студенттер үшін осындай тағылымды вебинарлар өткізіп тұруға келісті.

Ғ.Ә.Қамбарбекова

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы

Басылым күні :  21.02.2022