Бейбіт заманның батырлары!!!

Бүгін, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультетінде Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының «ПАТРИОТ» студенттік үйірмесі мен Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының ұйымдастырумен үлкен тәрбиелік мәні бар кездесу өткізілді.
Кездесудің тақырыбы «Бейбіт заманның батырлары» деп аталды. Батырлар тек соғыста ғана танылатыны бізге мәлім. Дегенмен, бейбіт заманда да небір ерліктер жасалады. Жаудан беті қайтпайтын, оттан да, судан да тайынбайтын талай батырлар бар. Өмір мен өлім қатар келген қас-қағым сәтте әрбір адамның бойында болатын қорқынышты жеңіп, жанкешті әрекеттерге барған талай ержүрек азаматтар біздің арамызда жүр. Күнделікті уақытта біз оларды байқамаймыз, көрмейміз. Көптеген жастар батырларды кинодан, кітаптан немесе комикстерден іздейді, ал өзіміздің жаужүрек ұлдарымызды бағалай алмаймыз.
Кездесудің басты мақсаты студенттерге бейбіт замандағы батырларды таныстыру және олардың ерліктерін жас ұрпаққа үлгі ретінде көрсету. Осыған орай кездесуге 2016 жылы 18 шілдеде Алматы қаласында болған терактіде ерліктерін көрсете білген бейбіт заманның батырлары ІІМ қызметкері подполковник Ғани Нуриманов пен полиция старшинасы Ғалиев Аянның жұбайлары мен балаларын және әріптестерін шақырдық. Кездесудің қонақтары ІІМ қызметкері подполковник Ғани Нуримановтың жұбайы Гүлмира Қасен, баласы Айтбаев Санжар, полиция старшинасы Ғалиев Аянның жұбайы Анар Асанова мен қызы Амина Ғалиева және олардың әріптестері полиция капитаны Дуйсенов Кадырбай Жалғасұлы мен аға лейтенант, полиция қызметкері Альфия Айдынова Айдынқызы болды. 
Кездесуді Философия және саясаттану факультетінің деканы ф.ғ.д., профессор Ә.Р. Масалимова ашты. Өзінің сөзінде қазіргі жастар үшін аталған кездесудің маңыздылығын атап өтті және ұрпақ тәрбиелеуде рухани жаңғырудың үлгісі ретінде аталған кездесулердің тәжірибелік тұрғыдан алғанда өте тиімді екенін айқындады. 
Келген қонақтардың тарапынан да жас ұрпақ тәрбиелеуге қатысты патриотизм, ерлік, азаматтық жауапкершілік және өз мамандығын сүйю туралы игі сөздер айтылды. Сонымен қатар, Ғалиев Аянның жұбайы Анар Асанова мен Ғани Нуримановтың жұбайы Гүлмира Қасен жолдастары туралы ой бөлісті және де Ғани Нуримановтың баласы Айтбаев Санжар әкесінің ерлігін өз құрбыларына айтып берді. Аталған азаматтардың бейбіт заман батырлары екендігін және олардың азаматтық тыныштықты қорғау барысында жасаған ерліктері жас ұрпақтардың санасында қалса екен деп тілек білдірді.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының «ПАТРИОТ» студенттік үйірмесі мен Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының ұжымы келген қонақтарға үлкен алғыс айтады және елімізде тыныштық пен бейбіт өмір болсын деп тілейді.


Басылым күні :  24.06.2017