ҚазҰУ-да ESCAS аймақтық конференциясы өтті

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Үздіксіз дамудағы Орталық Азиядағы билік, адамдар және мәдени өзгерістер» атты Еуропалық Орталық Азия зерттеулер қоғамының (ESCAS) аймақтық конференциясы өтті. Халықаралық деңгейдегі жобаға саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының ұжымы, докторанттары қатысты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында Еуропалық Орталық Азия зерттеулер қоғамы (ESCAS) мен ҚазҰУ-дың ұйымдастыруымен «Үздіксіз дамудағы Орталық Азиядағы билік, адамдар және мәдени өзгерістер» атты ESCAS 2023 аймақтық конференциясы өз жұмысын бастады.
 
Конференция жұмысы әл-Фараби кітапханасында панельдік сессияның ашылуымен басталды. Онда қатысушылар саяси басқару, әлеуметтік даму, мәдени әртүрлілік, экономикалық тұрақтылық және экологиялық тұрақтылық сынды әртүрлі тақырыптарды талқыға салды. Ғалымдар Тұрақты даму мақсаттарына байланысты өздерінің зерттеулер мен тәжірибелік мысалдарын ұсынып, ғылыми баяндамалар жасады. Орталық Азия зерттеулерінің Еуропалық қоғамының (ESCAS) президенті Абел Полес өз сөзінде: «Белгілі шетелдік сарапшылардың басын біріктірген диалог алаңы әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігінде ҚазҰУ рөлін айтарлықтай арттырады», – деп, ҚазҰУ басшылығына шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына алғысын білдірді.
«Бүгінгі шараға қатысушылардың көпшілігі Еуразия мен Орталық Азия кеңістігін зерттеуші жетекші ғалымдар. Шараның ауқымы кең әрі пәнаралық ынтымақтастық үшін өте қолайлы. Бұл ҚазҰУ-дың халықаралық деңгейде танылуына оң ықпал етеді», – деді философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев.
 
Жиын жұмысына Орталық Азия, Еуропа, Канада, АҚШ елдерінен 300-ге жуық ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Шара аясында 50 панельдік сессия жұмысы өтуде. Онда ғалымдар Орталық Азиядағы билік, адамдар мен мәдени өзгерістерге байланысты заманауи сын-қатерлер мен әлемде орын алып жатқан оқиғалардың Біріккен Ұлттар Ұйымы белгілеген тұрақты дамудың 17 мақсатына қол жеткізуге әсерін жан-жақты талқылауда.
Сондай-ақ әртүрлі елдер ғалымдарының «Орталық Азиядағы және азаматтық қоғамдағы әйел рөлі», «Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық құрылымындағы әйелдердің мәртебесі», «Қазақстандағы Стамбул конвенциясы», «Гендерлік теңсіздік» және басқа да тақырыптарда ғылыми баяндамалар оқылды. 

Басылым күні :  29.09.2023