ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН-АЛУ

Осы аптада әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің биология және биотехнология факультетінің №7 студенттер үйінде молекулалық биология және генетика кафедрасының ұйымдастыруымен «Құқық бұзушылықтың алдын-алу» тақырыбында құқықтық сауаттылықты арттыруға, студент жастарды құқықтық тәрбиелеуге және тәртіп бұзушылық пен қылмыстан сақтандыруға арналған кездесу болып өтті.

Кештің мақсаты- құқықтық тәрбиенің өмірлік қажеттілігін түсіндіру, студент жастардың рухани - адамгершілік қалыптасуына көңіл бөле отырып, құқықтық тәрбие беру.

Осы мақсатта, аталған кешке Алматы қаласы, Бостандық аудандық ішкі істер қызметі №52 полиция пунктінің капитаны Абеу Ермек Бекболатұлы арнайы шақыртылды. Капитан Абеу Е.Б. студенттермен ашық сұқбат құрып, қазіргі таңдағы қоғамда тәртіп сақтау туралы жалпы ережелерге тоқталып, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысы туралы айтып өтті.

Қоғамдағы ең басты мәселе - Қазақстан Республикасындағы әрбір азаматтың мемлекет тарапынан құқығын қорғау және сақтау заң қызметкерлерінің абыройлы қызметі болып саналатынын айтты. Сондықтан да қандай да бір құқық бұзушылық орын алған жағдайда еш күмәнсіз, қорықпастан ішкі істер қызметкерлерінің көмегіне уақытылы жүгіне алатындықтарын студент жастарға жеткізді. Сонымен бірге қәзіргі кездегі қоғамдағы орын алып жүрген бірқатар құқық бұзушылықтың себеп-салдары, оның алдын-алу жөніндегі жүргізіліп жатқан шаралар жайында сөз қозғап, студенттермен ақпарат алмасты. Кездесуге қатысқан студенттер мен оқытушылар өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарына ауқымды жауап ала білді.

Жунусбаева Ж.К., Жігітбекова Ә.Д, Байсеитова С.К., Шәлтенбай Г.Н.

Басылым күні :  20.11.2019