Профессор Айташева Зауре Гайнетдиновна «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды

ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультеті молекулалық биология және генетика кафедрасының профессоры Айташева Зауре Гайнетдиновна «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Профессор З.Г. Айташеваға сыйлықты ректораттың кеңейтілген мәжілісінде 2019 ж. 23 қыркүйегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры академик Ғ.М.Мұтанов тапсырды.

З.Г. Айташева – биология ғылымдарының докторы, профессор, университетіміздің 1979 жылғы түлегі.

З.Г. Айташева 2003 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің молекулалық биология кафедрасында қызмет атқара бастады, ал 2005-2019 жылдар аралығында молекулалық биология және генетика кафедрасын басқарып келді.

Профессор З.Г. Айташева өзін жоғары деңгейдегі маман, ғалым-ұстаз және көрнекті басшы ретінде көрсете білді. Кафедраның оқу-әдістемелік жұмысын жаңартуда көп еңбек атқарды. Профессор З.Г. Айташеваның жетекшілігімен соңғы жылдары университетімізде «7М05105 – Генетика», «8D05104 – Генетика», «7М05104 – ID генетика» деген жаңа оқу бағдарламалары жасалды. 2019-2020 оқу жылы осы оқу бағдарламаларына грант бөлініп, университетімізге білім алушылар қабылданды.

Профессор З.Ғ. Айташева еуропаның 3 тілін еркін меңгерген (ағылшын, француз, неміс). Үш тілде, мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде бакалавриат, магистратура және Phd докторантурада жоғары ғылыми деңгейде дәрістер жүргізеді. Негізгі оқитын пәндері: молекулалық биология, өсімдіктер онтогенезі, өсімдіктердің гормонды реттелуінің молекулалық механизмдері, сигнализацияның клетка-аралық жүйесі, гендер экспрессиясының реттелуі, ғылыми жоспарлау, РНҚ биологиясы (төртеуі ағылшын тілінде).

З.Ғ. Айташеваның 200-ден астам ғылыми жұмыстары бар, оның ішінде 1 монография, 7 авторлық куәлік, ҚР-ң 2 патенттің және 4 авторлық құқық туралы куәлігінің иесі. АҚШ мемлекеттік департаментінің қолдауымен 2009 ж. «Өсімдіктердің сигналды трансдукциясы» деген оқулықты үш тілде жазып шығарды.

Айташева Зауре Гайнетдиновна педагогикалық, басшылық қызыметтерімен қатар ғылыми-зерттеу жұмысымен де белсенді айналысты. «Үрмебұршақтың бұтақты жоғары белокты сорт үлгілері мен линияларын кешенді бағалау және құру» (2011-2014 жж.) және «Пестицидтермен ластанған Қазақстан топрақтарының фиторемедиациясы мен селекциясы үшін азық-түлік және сәндік асқабақтардың отандық коллекциясын алу» атты (2011-2014 жж.) ғылыми жобалардың жетекшісі болған.

З.Ғ.Айташеваның ұсынуымен кафедрада 4 Ph.D. докторлары мен 4 ҒЗИ директорлары арнайы курстар бойынша дәріс беріп, сабақ өткізді.  

З.Ғ.Айташева бір биология ғылымдарының кандидатын және екі PhD-докторантын (оның ішінде біреуі шетел азаматы, Египет, АЕР) дайындады.

З.Г. Айташева кафедраны басқару барысында, кафедрамыздың ардагер ғұлама ғалымдарының еңбегін жас буын педагогтар мен студенттерге насихаттау мақсатында, екі арнайы академик Ғ.З. Бияшев (ауд. 322) және профессор Н.Л. Удольская (ауд. 326) атындағы аудиторияларды ашуға атсалысты.

З.Г. Айташева басшылық, ғылыми-педагогикалық қызметпен қатар қоғамдық жұмыстарды да белсене атқарып келеді. Атап айтқанда: Қалалық кеңестің депутаты (1977-80 ж.ж.); Казахстан ғалымдарының Фулбрайт ассоциациясының бірінші сайланған президенті (2002-03 ж.ж.); 2002 жылдан осы уакытқа дейін Гумбольдт атындағы Казахстан клубының хатшысы; 1999 жылдан бері Өсімдіктер биологтары Америкалық ассоциациясының мүшесі; 2001-2005 жылдары өсімдіктер физиологтарының Жапондық қоғамының мүшесі болып табылады. Университет бойынша бұршақ және асқабақ тұқымдас дақылдарының әртүрлі сорттарымен айналысады, олардың арасында өзі шығарған сорт үлгілері кездеседі және осы құнды гендік қордың жетекшісі болып табылады.

З.Ғ. Айташеваның осындай өнегелі өмірі университетіміздің, факультетіміздің, кафедрамыздың жас буын ғалымдарына бағыт көрсетер үлгі болып келеді.

 

Кафедра ұжымы Айташева Зауре Гайнетдиновнаны лайықты марапатымен құттықтайды!

Басылым күні :  25.09.2019