ТАБЫСТЫ КӘСІПКЕР ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ

 

2022 ж. 05 сәуірінде сағат 11.00-де Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоратының 15-қабатында Almaty Management University (AlmaU) негізін қалаушы әрі Президенті, іскерлік әкімшілендіру докторы, С. М. Киров атындағы ҚазМУ механика және қолданбалы математика факультеті тұтас орта механикасы кафедрасының түлегі Қожахметов Асылбек Базарбайұлының көшбасшылық дәрісі өтті.

 

Кездесуді механика-математика факультетінің PhD деканы, профессор Жакебаев Д.Б. ашты.

 

 

Асылбек Базарбайұлы университетіміздің механика және қолданбалы математика факультетінің түлегі. Ол Германия, Франция, Ұлыбритания, Бельгия, Голландия, Венгрия, Эстония елдерінде менеджмент бойынша арнайы тағылымдамадан өткен. 2013 жылы Асылбек Қожахметов «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасының стипендиаты атанып, Беркли университетінің (Калифорния) Хаас бизнес мектебінде ғылыми тағылымдамадан өтті.  Қазақстандық және солтүстікамерикалық журналдарда жарияланған менеджмент және білімді дамыту бойынша 70-тен астам мақаланың авторы. 1980 жылдары ҚазҰУ-да Механика кафедрасының оқытушысы болды. Тоқсаныншы жылдардың басында  Алматы менеджерлер мектебін құрды. Бұл мектеп кейін үлкен Бизнес академиясына айналды.

Асылбек Қожахметов дәрісте сапалы білім беру, көшбасшылық қасиеттерді дамыту және жетілдіру, сыни және стратегиялық ойлау мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

 

 

Спикер өз сөзінде ҚазҰУ ұжымында ұзақ жылдар еңбек еткен тәжірибесімен бөлісіп, университеттің негізгі мақсаты жастарды оқыту ғана емес, елдегі экономика мен қоғамның дамуына әсер ету екенін айтты. Яғни білім ордасын аяқтаған студент білікті және білімді маман болып шығуы қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар әр адам өзін жеке тұлға ретінде қалыптасуы керек екенін баса айтты.

Көшбасшылық дәрісі барысында Асылбек Қожахметов кәсіпкерліктің қыр-сырын білім алушы жастарға кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ нарықтағы өзгерістерге бейімделу мәселесін және тәуекелділіктің алдын алу шараларын қалай жүзеге асыру керектігі туралы айтып, ақпараттармен бөлісті.

Дәріс соңында тыңдаушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды. 

 

 

Белсенді тыңдаушыларға Асылбек Базарбайұлы арнайы сыйлықтар табыс етті. Сыйлықтың бірі механика мамандығының 1 курс студенті Мұратова Айсұлуға бұйырды.

 

 




Басылым күні :  06.05.2022