АКАДЕМИК Ш.Ә.ЕРШИН АТЫНДАҒЫ АУДИТОРИЯ АШЫЛДЫ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және механика кафедрасының 85 жылдығы аясында техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Шахбаз Ершин атындағы аудиторияның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға отандық және шетелдік ғалымдар, оқытушылар мен білім алушы жастар қатысты.

Механика-математика факультетінде Механика кафедрасында жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша жетістіктері, сонымен қатар механика саласындағы ғылыми әзірлемелер көрмесі өткізілді.

 

Аудиторияның салтанатты түрде ашылуы ары қарай академиктің саналы ғұмырына арналған ғылыми-конференцияға ұласты.

 

Конференция отырысы аясында 2021 жылдың 24-26 қараша аралығында өткен «Механика» мамандығы бойынша Республикалық студенттік олимпиаданың қорытындысы шығарылып, «Механика» кафедрасының студенттеріне Ш.Ә.Ершин атындағы шәкіртақы тағайындалды. Демеушілерге Алғыс хаттар тапсырылды. Іс-шаралар кешеніне университет басшылығы, шетелдік (АҚШ, Польша, Ресей, Қырғызстан) және қазақстандық университеттердің ғалымдары, ғылыми орталықтардың өкілдері, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінің профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысып, өз лебіздерін білдірді.


Конференция академик Шахбаз Әлімгірейұлы Ершиннің өмірі туралы деректі фильмнің премьерасымен аяқталды.


Басылым күні :  15.02.2022