Ұлттық киім-халық қазынасы

Жаһандық ақпарат ағыны мен алуан түрлі мәдениеттің тоғысқан қазіргі кезеңінде ұлттық рухымыз бен қазақилығымызды бекем ұстап тұратын салт-дәстүріміз бен тарихымыз екендігі даусыз. Халқымыз өнерге, тілге, салт-дәстүрге қаншалықты бай болса, ұлттық киімге де соншалықты бай. Ерте ғасырдан бүгінгі күнге дейін құндылығын жоймай, қазақ қолөнерінің озық туындысы болып қана қоймай, заман ағымына сай қолданыстан қалмаған қазақтың ұлттық киімдерінің саны аз емес. Өзінің сан ғасырлық сипатымен сақталған тұтас ұлттың бейнесі саналатын ұлттық киіміміз қазақ халқын бүкіл әлемге танытатын этномәдени құндылық деп білеміз.

Осыған орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық Университетінің биология және биотехнология факультетінің куратор-эдвайзерлері Ернаназарова Г.И., Турашева С.К., Мухатаева К.А., Ултанбекова Г.Д. және 1 курс PhD докторанттарының ұйымдастыруымен «Ұлттық киім-халық қазынасы» тақырыбында іс-шара өткізілді. Мақсат-ұлттық киімді насихаттау.

Іс-шара барысында қазақтың ұлттық киімі мен әшекейлерінің ерекшеліктері мен тарихы, олар жайлы құнды деректер де айтылды. Сонымен қатар ұлттық нақыштағы киімдерді заманға сай икемдеу тақия мен әшекейлерді үйлестіріп тағу, қазіргі жас буынның тақия мен кәжекейді талғамына сай сәйкестендіріп киюіне байланысты іс-шараға жиналғандардың арасында пікірталас та ұйымдастырылды.

Іс-шара соңында топ эдвайзері пікірін білдірді.

- Бүгінгі ұйымдастырылып отырылған шара ұлттық киімнің маңыздылығын көрсету, тарихымен таныстыру, жастар арасында насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Ұлттық киім тек сыртқы сұлулығымызды ғана емес, халқымыздың рухани бай әлемін, қолөнері мен шеберлігін бейнелейді. Қазақтың бүкіл ішкі жан дүниесі, философиялық көзқарасы ою-өрнектермен сипатталған. Хакім Абайдың «киім кию салты арқылы адамның мінез-құлқы, қоғамдағы орны, болмысы анықталады» деген сөзі бар.  Сондықтан ұлттық болмысымызды ұмытпай, оны насихаттау сіздер мен біздің қолымызда,-деп іс-шараны қорытындылады.

Ұлттық киімдеріміздің тарихы мен бүгінгі таңдағы рөлі талқыланған «Ұлттық киім-халық қазынасы» атты 1 курс PhD докторанттарының ұйымдастыруымен өткен тәрбиелік мәні бар іс-шара жоғары деңгейде өткізілді.

Болашақ-жастардың қолында десек, қазақылықтың қаймағын бұзбай, ұлттық дәстүрімізді ұлықтау да бізге берілген аманат.

Басылым күні :  08.04.2023