Жапон тілінің жазғы мектебі өтті

Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының жапонтану бөлімі 9-11 сынып оқушыларына арнап жапон тілінің жазғы мектебін ұйымдастырды. Оған Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалалары мен Алматы (Ұзынағаш), Жамбыл облыстарының (Қордай) оқушылары қатысты.

   Жазғы мектеп бағдарламасы барысында оқушыларға жапон тілі мен мәдениеті бойынша танымдық-тәжірибелік дәрістер мен қызықты викториналар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Жапон қорының маманы Ю. Ониши жапон мәдениетімен оқушыларды жақын таныстыру мақсатында жапонның дәстүрлі шәй ішу рәсімі бойынша шеберлік сағатын өткізді. Оқушылар шара барысында жапонтану бөлімінің студенттерімен бірге жапон тағамы «онигириді» жасап үйренді.

    Цукуба университетінен арнайы шақырылған профессор Т. Ниномия өз дәрісінде оқушыларға жапон әліпбиін таныстырса, жапонтану бөлімінің бірнеше студенті өздерінің Күншығыс елінде өткен тілдік тағылымдамалары жайлы презентация жасап, жазғы мектептің мазмұнын байыта түсті.

    Сонымен қатар, оқушылар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ серіктестері - Васеда, Цукуба, Хоккайдо, Сайтама және Токио шет тілдер университетінің оқу гранттары мен шәкіртақылары туралы мағлұмат алды.

Шара соңында жазғы мектепке қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

Басылым күні :  04.12.2017