Жапон тілінен шешендік өнер сайысы ҚазҰУ студенттері үшін жемісті болды

   1999 жылдан бері жыл сайын көктемде тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан Қазақстан бойынша жапон тілінен шешендік өнер сайысы биылғы 2017 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қабырғасында наурыздың 11 күні өтті.

        Қазақстандағы Жапония елшілігі, Қазақстан жапон тілі оқытушылары қауымдастығы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен өткен сайыс Жапония мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толу құрметіне арналды.

       Сайысқа Қазақстандағы жапон қауымдастығы, Қазақстандағы жапон кәсіпкерлері қауымдастығы, Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығы, Жапон қоры демеушілік жасап, Жапонияның Цукуба университеті, “Теракоя” қоғамдық ұйымы, қазақстандық “New & Rare Resources” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зор қолдау көрсетті.

      Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Кавабата Итиро мырзаның сөзінен кейін, осыдан тура 6 жыл бұрын 2011 жылы 11 наурызда Жапонияда болған жойқын жер сілкінісінің құрбандарына арнап бір минут үнсіздік жарияланды.

Келесі кезекте сөз алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры А.Қ.Хикметов ұйымдастырушылар мен демеушілерге алғыс білдіріп, сайыскерлерге сәттілік тіледі.

           Сайысқа Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығынан барлығы 15 сайыскер қатысты. Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі И.Кавабата, Қазақстандағы жапон қауымдастығының төрағасы Т.Ясуда, Қазақстандағы жапон кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Н.Аракава, сондай-ақ жапон тілі оқытушылары әділ қазылық еткен сайыс нәтижесі бойынша, бас жүлде - Жапонияға жолдаманы Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығының жапон тілі курсының тыңдаушысы А.Мұқанова жеңіп алса, қалған жүлделі бес орынды ҚазҰУ студенттері иеленді. Атап айтсақ, шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының студенттері М.Умешова 2-орын, А.Скатов 3-орын, С.Бекжанова 4-орын, А.Алимбетова 5-орын, М.Бақытжан 6-орынға ие болып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Алғашқы төрт орынды иеленген 4 жүлдегер 29 сәуірде Қырғыз Республикасында өтетін 21-ші Орталық Азиялық жапон тілінен шешендік өнер сайысына қатысатын болады.

         Биылғы сайыстың бір ерекшелігі - Қазақстандағы жапон тілі оқытушылары қауымдастығының ұсынысымен Жапонияның Халықаралық достық алмасу кеңесінің Қазақстандағы өкілі, ҚазҰУ оқытушысы, PhD Батырхан Құрмансейіт атындағы арнайы жүлденің тағайындалуы. Сайыстың әділ қазылар құрамында алғаш рет төрелік еткен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің түлегі Б.Құрмансейіт студент кезінде жапон тілінен шешендік өнер сайысына белсенді қатысып, Қазақстандық, Орталық Азиялық, Мәскеуде өткен ТМД елдері арасындағы сайыстарда топ жарып, бас жүлде алған, сондай-ақ Жапонияда дипломат болып қызмет істеген жылдары Жапониядағы шетелдік дипломаттар арасындағы жапон тіліндегі шешендік өнер сайысында екі рет жеңімпаз атанған. Аталмыш арнайы жүлде ҚазҰУ шығыстану факультетінің студенті С.Бекжановаға бұйырды.

Басылым күні :  04.12.2017