«Campus in campus» бағдарламасы

   Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қысқы мектеп бағдарламасы аясында «Қазақстан мен Жапониядағы қарттар мәселесі» деген тақырыпта Халықаралық студенттік форум өтті. Форум Жапонияның Цукуба университетімен бірлесіп ұйымдастырылды.

      Кең ауқымды «Campus in campus» бағдарламасы аясында өткен форумда ҚазҰУ студенттері мен Орталық Азияны зерттеу ісіне маманданып жүрген жапон университетінің студенттері қарттар мәселесіне қатысты өз зерттеу нәтижелерімен бөлісті. ҚазҰУ-дың жас ғалымдары еліміздегі қарт кісілердің денсаулық күтімі мәселесін қозғап, қарттардың әл-ауқатын қамтамасыз етудегі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың рөлін атап көрсетті.

     Студенттердің зерттеу нәтижелері мен ұсыныстары «Айналаңды нұрландыр» жобасы аясында жапонтану бөлімінің студенттері ұйымдастыратын жобаларда көрініс табады деп сенеміз.

    Цукуба университетінің студенттері ҚазҰУ-дың Қысқы мектеп бағдарламасы барысында дайындық факультетінде орыс тілін оқыды. Китамура Ш., Ниия Ш., Коджима К., Кикута Т., Амано Ю., Ишибаши Н., Гото С. есімді жеті студентке «Аймақтану: Орталық Азияның саясаты, экономикасы және мәдениеті» курсынан өткені жайлы сертификат пен транскрипт табыс етілді.

    Жапон студенттері арнайы «Homestay» бағдарламасы бойынша қазақ отбасыларында қонақ болды. Олар қазіргі қазақ отбасының тұрмыс-тынысымен танысуға жақсы мүмкіндік бергені үшін өз алғыстарын білдірді.

ҚазҰУ жастары тартымды концерттік бағдарлама ұйымдастырып, қонақтарды қазақтың дәстүрлі өнерімен де таныстырды.

Басылым күні :  04.12.2017