«Күншығыс еліне саяхат» атты жапонтану апталығы

Жапондықтардың мәдениеті мен өркениетіне қызыға қарайтын жандар жетерлік. Сондай адамдардың басын қосатын шараларға толы апталық, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді. Шығыстану факультетінің Қиыр шығыс кафедрасының ұйымдастыруымен жүзеге асатын бұл апталық, «Күншығыс еліне саяхат» атты концерттік бағдарламамен ашылды. Қонақтар арасында жапондықтар болатынын ескеріп, бағдарлама жапон және қазақ тілдерінде жүргізілді. Меймандар жайғасқан соң, Шығыстану факультетінің деканы Жұбатова Баян Нұрсұлтанқызы кіріспе сөз сөйледі. Шараның шымылдығын ашу, талантты сазгер, дәстүрлі жапон музыкасын Қазақстанда насихаттаушы Төреғали Аймұратқа бұйырды. Оның жапон ұлттық аспабы сямисенде ойнағаны, отырған жапондықтарды бір қуантып тастады. Студенттер жапон тілінде ән шырқағанда, сезімтал көрермен әуезді әуенге тербеліп отырғанын өздері де байқамады-ау шамасы. Концерттің жалғасын заманауи жапондық би жалғады. Көп тілді меңгерген филолог студенттер, ағылшын тілінде ән айтып, өздерінің вокалдарымен халықты таң тамаша етті. Жапондарда театр өнерінің тарихы терең, ауыз әдебиеті көрнекті, мазмұнды екеніне 2 курс студенттерінің дайындаған сахналық көрінісінен куәгер болдық. Осылайша астарлы, мәнді нотада бағдарлама өз мәресіне жетті.

Ұйымдастырушылар алқасы: Нурсеитова Л.Д. Оразбекова Г.Р., Ташкенбаева Б.Ж.

Уақыты: 26.04.2016, 14.00-16.00

Өткізілетін орны: Шығыстану факультеті, 503 аудитория

 

Басылым күні :  20.06.2016