Қиыр Шығыс кафедрасына Сеул ұлттық университетінің ректоры келді

10 қыркүйекте Корея Республикасы Сеул ұлттық университетінің ректоры, профессор Сон Нагин бастаған делегация әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетіне арнайы ат басын тіреді. Делегация құрамында Бундан емханасының директоры Ли Чоль Хи, Қаржы және стратегиялық даму департаментінің басшысы Чон Саң Хун мен аудармашы Ким Сергей болды.

Сон Нагин мырзаны Шығыстану факультетінің деканы Жұбатова Баян Нұрсұлтанқызы, Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі Ем Наталья Борисқызы мен кафедраның барлық оқытушы-профессорлар құрамы қарсы алды. Келген қонақтарға Шығыстану факультеті мен Қиыр Шығыс кафедрасын таныстырғаннан кейін, мәжіліс залында Сеул ұлттық университетінің ректорымен кездесу өтті.

Мәжіліс барысында Шығыстану факультеті мен Қиыр Шығыс кафедрасы Сеул университетімен өзара ынтымақтастық қарым-қатынасты дамытуға деген тілектерін білдірді. Әсіресе, қос диплом бағдарламасын жүзеге асыру мәселесін алға тартты. Сонымен қатар, өзара студенттер алмасу бағытында да әңгіме қозғалды.

Мәжілістің соңына қарай Қиыр Шығыс кафедрасының студенттері өздерінің дайындаған кішігірім концерттік бағдарламасын тарту етті. Ұлттық аспабымыз домбырада күй шертіп, би билеп, ән айтып, өз өнерлерін ортаға салды.

- Екі университет арасындағы ынтымақтастық жалғасын табады деген ойдамын. Сіздердің студенттеріңіздің өнеріне тәнті болдым. Корей тілін де жақсы меңгеріпті, -деді Сон Нагин мырза кездесу барысында.

Ректор мырза сөзінің соңында факультет деканы Баян Жұбатоваға, кафедра меңгерушісіне, ұстаздар қауымына алғысын білдірді.

 

Басылым күні :  14.09.2015