Қазақстандық қоғамның рухани-адамгершілік жаңғыруы жағдайында ғылыми-зерттеушілік

10.10.2017

Көрулер: 3401

Әл-Фараби атындағы кітапханада «Қазақстандық қоғамның рухани-адамгершілік жаңғыруы жағдайында ғылыми-зерттеушілік және білім беру әрекеті әдіснамасының дамуы» тақырыбында ХПБҒА және Қазақстан ПҒА академигі, профессор Шәркүл Таубаеваның 70 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтеді.

Конференцияда болашақ мұғалімдерді кәсіби даярлаудың әдіснамалық негіздері мен жастардың  рухани-адамгершілік жаңғыруы аясындағы тәрбие философиясы; ҚР жоғары мектебіндегі ғылыми-зерттеушілік әрекеттің тарихы мен теориясы; университеттік білім беру жүйесінде болашақ зерттеушілерді әдіснамалық даярлау мазмұнының дамуы және бұл мәселенің профессор  Ш. Таубаеваның ғылыми  мектебінде көрініс табуы; «Өзін-өзі тану» оқу пәні мазмұнының әдіснамалық және теориялық негіздері  - рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын жүзеге асыру моделі ретінде; профессор Ш.Таубаеваның шәкірттері зерттеулерінде құзыреттілік тұғыр теориясының дамуы және т.б. тақырыптар қарастырылады.

Шараға әлеуметтік педагогика әдіснамасы саласының жетекші ғалымы Л.В.Мардахаев, білім сапасынан халықаралық сарапшы Н.Н.Найденова және Қазақстанның әр аймағынан ( Алматы, Астана, Түркістан, Атырау, Ақтобе, Орал, Тараз, Шымкент) отандық ғалымдар қатысады. Сонымен қатар ЮНЕСКО  сарапшыларының қатысуы жоспарлануда.

Шәркүл Таубаева – 300 ден астам ғылыми жұмыстардың, соның ішінде «Педагогиканың философиясы мен әдіснамасы», «Педагогикалық зерттеулердің әдістері мен әдіснамасы» оқулықтарының, бастауыш сыныптарға арналған «Ана тілі» оқулығы хрестоматиясының, жоғары сыныптар үшін тарих бойынша әдістемелік құралының, «Педагогика тарихы (Білім беру және педагогикалық ойлар тарихы)» және  «Әлеуметтік педагогика» оқулықтарының қосалқы авторы. Сондай-ақ, педагогикалық инноватика, озат педагогикалық тәжірибе және дидактика бойынша кітаптардың авторы. Жалпы және нормативті әдіснама, педагогикалық ғылымтану саласының маманы.

Ш.Таубаеваның жетекшілігімен 8 докторлық және 14 кандидаттық диссертация, 3 докторлық диссертация (PHD) қорғалды. 50 диссертациялық жұмысқа пікір берілді.

Өтетін уақыты және күні: 13-14 қазан 2017 жыл, сағат 9.00

Өтетін орны: ҚазҰУ, әл-Фараби атындағы кітапхана, 416 аудитория