ҚазҰУ-да 47-ші халықаралық конференция өтеді

25.01.2017

Көрулер: 2657

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Республикалық ғылыми-әдістемелік кеңестің Оқыту-әдістемелік бірлестігі мәжілісі аясында «Университеттердің білім беру бағдарламаларының бәсекеге қабілеттілігі мен экспорттық әлеуетін арттыру» атты 47-ші халықаралық конференция өтеді.

Шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбевтың «5 институционалдық реформаны жүзеге асырудағы 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 79-шы қадамын орындауға бағытталған.

Айта кету керек, соңғы жылдары университеттің ғылыми-әдістемелік конференциясы жоғары халықаралық деңгейге көтеріліп келеді. Жыл сайын жетекші сарапшылар дамудың заманауи үрдістері және жоғары білімді интернационаландыруға байланысты жаһандық мәселелерді кең көлемде талқылауда. Қазіргі таңда конференция отандық оқу орындарының шетелдік әріптестермен ынтымақтастығының дамуына, қазақстандық жоғары білімнің экспорттық әлеуетін арттыруға, ғылыми зерттемелер мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін ірі пікірталас алаңына айналып отыр.

Конференция бағдарламасында жоғары оқу орындары басшыларының Академиялық рейтинг бойынша Халықаралық обсерватория (IREG) мен Қазақстан жоғары мектебінің Ұлттық ғылым академиясы өкілдерімен (ҚЖМ ҰҒА) бірлесіп, әлемдік білім беру кеңістігінде оқу орындарының ілгері жылжуы, сапа кепілдігі жүйесі және ЖОО-ларда жаңа ақпараттық байланыс технологияларын пайдалану мәселелері жөнінде семинар-жиналыс өткізуі қарастырылған.

Сонымен қатар, ғылыми-әдістемелік конференция қатысушылары білім беру бағдарламалары мазмұнының сапасын басқару мен бақылау және жүзеге асыру мәселелерін, оның ішінде халықаралық бірлескен және қосдипломды білім беру бағдарламаларын, оған деген қызығушылықты және түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың жолдарын, мамандарды аттестациялау және көптілділікті дамытуға байланысты сұрақтарды талқылайтын болады.

Конференция аясында дөңгелек үстелдер мен тақырыптық кездесулер жоспарланған. Сондай-ақ, дүниежүзіне белгілі «Касперcкий зертханасы» (РФ) компаниясымен серіктестік аясында ашылатын ҚазҰУ жанындағы Ақпараттық қауіпсіздік орталығының тұсаукесері болмақ.

Шараға 50-ден астам отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының басшылары, білім беру бағдарламаларының менеджменті бойынша халықаралық сарапшылар, жұмыс берушілер, ҚР Білім және ғылым министрлігінің ғалымдары мен өкілдері қатысатын болады.

Өтетін орны: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Ғылыми кітапхана (мәжіліс залы, 4 қабат).

Шараның басталуы: 26 қаңтар – сағ.10:00, 27 қаңтар – сағ. 11:00

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Баспасөз қызметі

8 (727) 377 31 48