Филология факультетінің ғылыми мектебі

Филология ғылымы алғаш үш бағытта жұмыс істеді: қазақ әдебиеттану ғылымының бастауында М. Әуезов тұрса, қазақ тіл білімінің ғылыми мектебін қалыптастырған Н. Сауранбаев пен М. Балақаев еді. Университетте орыс тіл білімі ғылыми мектебінің қалыптасуында Х.Х. Махмудов пен Х.М. Сайкиев еңбектері айрықша болды.

Факультетте жалпы тіл білімі пәнін Ұлы Отан соғысы жылдары И.И. Мещанинов жүргізді, ал осы пәннің ғылыми курс болуына кафедраны 16 жыл басқарған К. Аханов ерекше еңбек сіңірді.

Бүгінде қазақ әдебиеттану ғылымы 4 бағытта жұмыс істейді: Б. Кенжебаев мектебі өкілдері қазақ әдебиетінің тарихын зерттесе, әдебиет теориясы жайлы З. Қабдолов мектебі, қазақ әдебиеті сыны жайлы Т. Кәкішев мектебі, қазақ ауыз әдебиеті жайлы С. Садырбаев мектебі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

Қазақ тіл білімі саласында факультетте 4 ғылыми мектеп қалыптасты: қазақ тілі тарихы ғылыми мектебін қалыптастырған – М. Томанов. Сөйлем синтаксисін зерттеу жайлы Р. Әмір мектебі және сөз тіркесі синтаксисін зерттеудің Т. Сайранбаев мектебі қалыптасты. Ал қазақ тілі этимологиясын зерттеу Б. Сағындықұлы мектебінің еншісінде.

Орыс тіл білімі жайлы ғылыми мектеп те өз жалғасын тауып, тіл тарихын зерттейтін Н.И. Гайнуллина мектебі жұмыс істеп келеді.

Орыс және шетел әдебиеті кафедрасын 20 жылға жуық басқарған К.Ш. Кереева-Канафиева орыс-қазақ әдеби байланыстарын зерттеу жайлы ғылыми мектеп қалыптастырса, М.М. Багизбаева Қазақстандағы орыс фольклоры мектебін қалыптастырды.

Жалпы тіл білімінде түркология мәселелері жайлы А. Аманжолов мектебі және жалпы тіл білімінің өзекті мәселелері жайлы Э.Д. Сүлейменова мектебі қалыптасты.

Факультетте ғылыми зерттеу жұмыстары әр салада жан-жақты даму үстінде. Бүгінде әр түрлі бағытта зерттеу жұмысын жалғастырып жүрген ғалымдар қатарында С. Әшімханова, Ж. Дәдебаев, Қ. Әбдезұлы, Б. Майтанов, З. Бейсенғали, Г. Смағұлова, Б. Момынова, З.К. Сабитова, А. Жақсылықов, Т. Есенбеков, Г. Мадиева т.б. бар.