Тарих галереясы

Университет тарихы

75 жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті - еліміздің қоғамдық өмірі мен білім, ғылым, жалпы оқу ағарту саласының қалыптасуы мен дамуы кезеңдерінің куәгері. Университет - ұлағатты ұстаздардың даналығы мен жастардың жалынды істерін, білім мен ғылымға деген ізденісі мен құштарлығын бойына сіңірген, таусылмас білім ордасы. Қасиетті қарашаңырақ тарихының әрбір кірпіші оның белгілі ғалымдары, оқытушылары мен студент жастарының творчестволық талмас қайраты мен күнделікті еңбегінің арқасында қаланған.


Ректорлар

Тарих галереясының құрметті орны - университет дамуының әр кезеңінде қажырлы еңбектері мен күш-жігерлерін осы оқу орнының өркендеп дамуына арнаған ҚазҰУ ректорларына арналған. Олар - мемлекет, қоғам және ғылым қайраткерлері бола жүріп университет басқарған, оның әлемдік білім беру кеңістігіндегі орнын айқындап берген ел азаматтары.



Факультеттердің ғылыми мектебі

Қазақ ұлттық университеті - отандық білім беру жүйесінің ғылыми мектептері мен университеттік дәстүрлердің көшбасшы. Құрылған ғылыми мектептер негізін - әлемге аты белгілі майталман ғалым - ұстаздар, білім жүйесін ұйымдастырушы педагогтар мен жас мамандарға үлгі болар тәлімгерлер салды.


"әл-Фараби кешені

Музей кеңістігіндегі атриумда 1991 жылдан бастап университетімізге есімі берілген Шығыстың ғұлама ойшылы, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің мұраларына арналған кешен орналасқан.

"Тәуелсіз Қазақстан" кешені

Ортадағы салтанатты орында – «Тәуелсіз Қазақстан» кешені орналасқан. Бұл кешен - еліміздің егемендік алған сәтінен бүгінгі күнге дейінгі даму жолдары,қол жеткізген жетістіктеріне арналған. Сөрелерге тәуелсіз елдің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басты еңбектері, халыққа Жолдаулары, Қазақстанның стратегиялық даму бағыттары мен белгілі отандық және әлемдік қоғам қайраткерлерінің Қазақстан туралы басылымдары қойылған.