Университет тарихы

 

85 жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті - еліміздің қоғамдық өмірі мен білім, ғылым, жалпы оқу ағарту саласының қалыптасуы мен дамуы кезеңдерінің куәгері. Университет - ұлағатты ұстаздардың даналығы мен жастардың жалынды істерін, білім мен ғылымға деген ізденісі мен құштарлығын бойына сіңірген, таусылмас білім ордасы. Қасиетті қарашаңырақ тарихының әрбір кірпіші оның белгілі ғалымдары, оқытушылары мен студент жастарының творчестволық талмас қайраты мен күнделікті еңбегінің арқасында қаланған.

1933 жылдың 20 қазанында ССР Одағының Халық Комиссарлар Кеңесінің «Қазақстан үшін мамандар даярлау және Қазақ мемлекеттік университетін ашу туралы» № 2293 Қаулысы қабылданды.

1934 жылдың 15 қаңтары – университеттің нақты құрылған күні болып белгіленді. Дәл осы күні ҚазМУ- дың алғашқы студенттері қабылданып, 19 қаңтар күні Верный ерлер гимназиясының ескі ғимаратында биология және физика-математика факультеттерінің 54 студенті оқуға кірісті. Осы жылдың 1 қыркүйегінде химия факультеті ашылды.
  1933 жылдың 20 қазанындағы СССР ХКК №2293 «Қазақстанға мамандар дайындау және ҚазМУ ашылуы туралы» Қаулысы


1934 жылдың 15 қаңтары – университеттің нақты құрылған күні болып белгіленді. Дәл осы күні ҚазМУ- дың алғашқы студенттері қабылданып, 19 қаңтар күні Верный ерлер гимназиясының ескі ғимаратында биология және физика-математика факультеттерінің 54 студенті оқуға кірісті. Осы жылдың 1 қыркүйегінде химия факультеті ашылды.

Университеттің тұңғыш ректоры болып ҚазССР халық ағарту комитетінің орынбасары қызметінде болған Ф.Т.Оликов тағайындалды. Университеттің ғылыми және оқыту жұмыстары республикадан тысқары жерлерде арнайы дайындықтан өткен 18 оқытушы құрамымен басталды. 1934 жылдың 2 желтоқсанында университетке С.М.Киров есімі берілді.

1930 жылдардың аяғына дейін алғашқы гуманитарлық - шеттілдер факультеті (1937) және филология факультеті (1938) ашылды. Қазақ жастарына арналған дайындық бөлімдері ашылып, мамандықтар аумағы кеңейді. 1938 ж. аспирантураның ашылуы мен кандидаттық дәреже және доцент атақтарын тағайындайтын Ғылыми кеңестің құрылуы ҚазМУ-дың даму бағдарындағы маңызды оқиға болды.

С.М. Киров атындағы ҚазМУ биология факультетінің алғашқы студенттері, 1934 ж.

  

Университет оқытушылары мен студенттерінің бейбіт еңбегі 1941 жылдың 22 маусымында Ұлы Отан соғысының басталуымен үзілді. Өз еріктерімен университеттің 287 қызметкерлері мен студенттері соғысқа аттанып, көпшілігі қан майданда қаза тапты. Осы қатаң уақытта университет «Барлығы фронт үшін! барлығы Жеңіс үшін!» деген ұранмен жұмысын жалғастырды

Ғ.Ж. Жұматов - Брест қорғаны гарнизонының кіші командирі, 1941 ж. Қазіргі уақытта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың соғыс және еңбек ардагерлер одағының төрағасы

 



 

Ш.А.Құсанова - ҚазМУ филология факультетінің студенті, «Ұлы Отан соғысы кезінде Германияны жеңуге қатысқаны үшін», «Сталинградқорғанына қатысқаны үшін» тағы басқа медальдарымен марапатталған, 1941-1945 жж.

 

Сұрапыл соғыс жылдары мен соғыстан кейінгі кезеңде ҚазМУ-дың ректоры болып И. К. Лукьянец (1940-1947) қызмет атқарды. Университеттің оқытушы-профессорлар құрамы күшейтіліп, СССР ҒА академиктері мен корреспондент мүшелері жұмысқа шақырылды. Жоғарғы білім мектептері құрылып, әлемге әйгілі И.И.Мещанинов, Н.С.Акулов, ҒА корреспондент мүшелері В.А.Догель, А.В.Думанский, профессорлар А.Михлин, М.А.Розенберг, Н.Пакуль т.б. қызмет атқарды.

Ғылыми- зерттеу жұмыстарының барлық мәселелері қорғаныс талаптары мен республиканың халық шаруашылығы және мәдени дамуының міндеттерімен, өндіріс үшін қосымша жергілікті шикізат іздестіру ісімен байланысып жатты. 1943-1944 оқу жылында С.М. Киров атындағы ҚазМУ бірінші категориядағы ЖОО қатарына жатқызылды.

Студенттер химиялық зертханада, 1943 ж.

Соғыстан кейінгі жылдары университеттің ғылым және білім беру саласындағы әлеуеті жақсарып, Қазақстан мәдениеті мен ғылымы, халық шаруашылығы үшін мамандар дайындаудың сапасы жақсарды. Әлемдік деңгейдегі белгілі қазақ ғалымдары: М.О.Әуезов, Қ.И. Сәтбаев, Е.Б.Бекмаханов, Д.В.Сокольский, К.П.Персидский, А.Б.Бектұров, Т.Т. Тәжібаев т.б. ғылым мектептерінің тізгінін ұстады.

 

ҚазМУ филология факультетінің студенттері мен оқытушылары.
Ортада - жазушы, ҚазССР ҒА академигі, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты М.О.Әуезов және филология ғылымдарының докторы, профессор З.Қ.Қабдолов, 60-шы жылдар
Е.Б.Бекмаханов - ҚазССР ҒА корреспондент мүшесі, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚазССР тарихы кафедра меңгерушісі, 1952 жылы қуғындалып, 1954 жылы ақталған.

Соғыстан кейінгі жылдары жаңа факультеттер: геология-география (1947), тарих (1948) ашыла бастады. 1949 ж. филология факультетінде психология және логика бөлімдері, жаңа философия және экономика факультеттері мен кешкі және сырттай оқу бөлімдері ашылды. Бұл факультеттер С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың ректоры, қоғам қайраткері Т.Т. Тәжібаевтың (1947-1953) бастамасы бойынша қолға алында. Білім алушылардың кәсіби тұрғыда қалыптасуында Ш. Уәлиханов атындағы Студенттердің ғылыми қоғамы (СҒҚ) маңызды рөл атқарды. Көптеген көркемөнерпаздар үйірмелері мен спорттық секциялар жұмыс істеді.


А.Т. Лукьянов - студенттік ғылыми қоғамның алғашқы мүшелерінің бірі, химия құралдарын қарастыруда, 1947-48 жж.

 


А.З.Зәкәрин С.М. Киров атындағы КазМУ-ды екі рет басқарды (1953-1955, 1961-1970). Ғылымдағы көптеген үздік жетістіктер, университеттің мәдени және қоғамдық өміріндегі ең есте қаларлық оқиғалар аталған жылдармен сабақтас. Университеттегі ғылыми мектептер мен білім беру дәстүрлері нығая түсті, студенттердің ғылыми, көркемдік шығармашылығы мен спорты айтарлықтай биіктерге көтерілді. Математика факультетінің жанынан республикадағы тұнғыш есептеу орталығы, жаңа кафедралар (гидробиология және ихтиология, метеорология, жоғары математика т.б.), М.О.Әуезов атындағы әдеби бірлестік (1961) және «Жеті муза» қоғамы құрылды (1965).

1955 ж. Алматы заң институтының негізінде заң факультеті ашылды. 1963ж. физика және тарих факультеттерінде орта мектеп мұғалімдерін ағылшын, неміс тілдерінде оқытатын арнайы бөлімдер ашылды.

 

 Семи муз» қоғамының қонағы - СССР халық әртісі, МХАТ бас режиссері Олег Ефремов ҚазМУ, 1965 ж.


  

1955-1961 жж. университет ректоры қызметін академик Т. Б. Дарқанбаев атқарды. 1955-1956 оқу жылы VI Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестиваліне дайындық үстінде өткендіктен, ҚазМУ-дағы мәдени-бұқаралық жұмыс сапасы да өзгерді. Жалпыуниверситеттік 6 көркемөнер үйірмелері, филология факультетінде қазақ, орыс хорлары, драма үйірмелері мен джаз-оркестр құрылды. Физика- математика факультеті 2 дербес факультетке бөлінді.(1959).

 

ҚазССР ҒА алғашқы Президенті, академик Қ.И. Сәтпаев белгілі ғалымдарымен бірге, Мәскеу - Кремль, 60-шы жылдар. Олардың ішінде: профессор А.З.Закарин 1961-1970 жылдар аралығындағы ҚазМУ ректоры (бірінші қатар, сол жақтағы алтыншы), профессор, академик Т.Б.Дарқанбаев 1955-1961жылдар аралығындағы ҚазМУ ректоры (бірінші қатар, сол жақтағы сегізінші).

 

 

60-шы жылдары университет жастары тың және тыңайған жерлерді игеруге атсалысты. Алғашқы студенттік құрылыс жасақтары жасақталып, Қазақстанның барлық аймақтарында егіс, жеміс-жидек, темекі жинауға көмектесті.

ҚазМУ қалашығының студенттік құрылыс жасағы, 80-ші жылдар

 

Университет өмірінің жарқын беттері, соның ішінде ғылым мен мәдениетінің ең үздік жетістіктері 70-80 жылдарға сәйкес келеді. Осы кезеңде университетті белді қоғам қайраткері, академик Ө.А.Жолдасбеков (1970-1986) басқарды. Университеттің керемет студенттер қалашығы құрылысының бірінші кезеңі басталып, ғылым мен білімнің жаңа дәстүрлері туындап, дамып, нығая түсті. Университет студенттері де ғылым, өнер және спорт саласындағы үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Ол азаматтың беделі, қайрат-қажыры мен табандылығының арқасында университетке қалашық салу үшін тамаша территория және осы керемет жобаны жүзеге асыру үшін қаржы мен қаражат-күш бөлінді.

 

ниверситет ректоры Ө.А.Жолдасбеков студенттік құрылыс жасақтарымен ҚазМУ қалашығындағы құрылыс объектілерінде, 80-ші жылдар


Ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында «Биофизика» оқу-ғылыми өндірістік бірлестігі, студенттік құрылыс бюросы (СҚБ), тәжірибелік-эксперименттік зауыт және робототехника орталығы құрылады.

 

«Ғылым 86» көрмесі 

С.М.Киров атындағы ҚазМУ түрлі халықаралық, бүкілодақтық және республикалық көрмелерге тұрақты түрде қатысып жүрді. 1970 жылы рентгенометриялық талдағыштар, статистикалық интегратор және басқа да құралдарды дайындап шығарған ҚазМУ қызметкерлері ҚСРО ХШЖК-нің күміс және қола медальдарымен әрі дипломымен марапатталды.  

Автоматтандырылған жүйелер ҒЗЖ-на және оқу үдерісіне 80-жылдары енгізіле бастағаны белгілі. ҚазМУ өзінің электронды машиналы паркін пайдаланудың арқасында Қазақстандағы ЖОО-ның осы бағыттағы көшбасшысы болды. 1985 жылы шетел азаматтарына арналған дайындық факультеті ашылды.

1986 жылы ҚазМУ басшысы болып академик Е.Е.Ерғожин (1986-1988) тағайындалды. Еліміздің 1986 ж. желтоқсан оқиғаларынан кейінгі саяси және экономикалық ауыспалы қиын кезеңі еді. 1980-жылдардың соңында жариялылық пен демократияландыру саясатының нәтижелері анық сезіле бастады. Қазақ халқының ұлттық жаңғыруы, тарихтағы кінәсіз ұмыт болған ұлы есімдерді ақтау үдерістері басталды. 1988-1989 жылдары А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Е. Бекмаханов, Х. Досмұхамедұлының еңбектері жарық көрді. Казақстанның зиялы қауымы, соның ішінде ҚазМУ-дың гуманитария саласындағы ғалымдары түркі мәдениеті, қазақ халқының өткен өмірі, тілі мен салт-дәстүрі, отандық тарихтың аса көрнекті өкілдері туралы сол уақытқа дейін белгісіз болған мәліметтерді студенттер арасына тарата отырып, ұлт тарихындағы «ақтаңдақтарды» жою мақсатында орасан зор шығармашылық жұмысқа кірісті.

1988 ж. ҚазМУ ұжымы академик М.М. Әбділдинді (1988-1991) университет ректоры етіп сайлады. Оның университет басқарып отырған кезінде факультеттер мен кафедраларды жетілдіру, түрлі факультеттерде жаңа оқу бөлімдерін ашу, жаратылыстану кәсіптік бағдарындағы факультеттердің ғылыми-өндірістік базасын нығайту, барлық гуманитарлық ғылымдар бойынша оқу-әдістемелік кешендерді түбегейлі жаңарту сияқты т.б. жұмыстар өз жалғасын тапты. Осы жылы философия-экономика факультетін жетілдіру мақсатында айтарлықтай қадамдар жасалды: психология, әлеуметтану, дінтану және саясаттану бөлімдері және филология факультетінің арабтану кафедрасының негізінде шығыстану факультеті (1989) ашылды.

Академик К. Н. Нәрібаев (1991 – 2001) университетті қиын-қыстау 90-шы жылдары басқарды. Бұл - еліміздің тәуелсіздігінің алғашқы жылдары, жаңа мемлекеттің экономикасы мен әлеуметтік жағдайының қалыптасу жылдары еді.

Қазақ мемлекеттік университетінің аты мен мәртебесі өзгере бастады. ҚазССР Министрлер Кабинетінің № 629 Қаулысымен 1991 жылы 23 қазанында Қазақ мемлекеттік университетіне ұлы философ, энциклопедист ғалым әл-Фараби аты беріліп, 1993 жылдың 9 қаңтарындағы №1059 ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қаулысымен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті деп аталатын болды.

 

Шығыс ойшылы, философы және энциклопедисті - әл-Фараби
Әл-Фараби мұралары

 

 

Университет дамуының басты бағыттары анықталды. Ол – әлемдік білім беру жүйесіне дәйекті түрде жақындау, мамандарды даярлауда халықаралық стандарттарға көшу.

ҚазМУ базасы негізінде жасақталған отыздан астам мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру стандарттарының жүзеге асырылуын қадағалайтын, әсіресе ғылым саласындағы мектептерімен дәстүрлі көшбасшыларға айналған жаратылыстану факультеттері, ең алдымен, физика және химия факультеттері зор мәнге ие болды. Аталған факультеттер ауқымында 1991 жылы алғашқы университеттік ғылыми-зерттеу институттары ҒЗИ: Экспериментальды және теориялық физика, жаңа химиялық технологиялар мен материалдар, механика және математиика, биология, биотехнология және экология мәселелері жөніндегі ҒЗИ ғылыми-технологиялық парк ашылды. 1991 ж. Жану мәселелері институты және т.б. ҒЗИ негізінде студенттердің іргелі және қолданбалы мәселелер бойынша ғылыми зерттеулер жүргізілуі көбінен етек алды.  

ҚазМУ Халықаралық Университеттер Ассоциациясына кірген Қазақстандағы бірінші жоғары оқу орны болды. Жаңа тарихи жағдайларда да ол білім беру және ғылым саласында өзінің шетелдік әріптестерімен неғұрлым тығыз қарым-қатынас жасап отырды. ҚазМУ Түркия, Иран, Қытай, Оңтүстік Корея, Египет университеттерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеді.

1992-1993 оқу жылынан бастап университет мамандар дайындаудың екісатылы жүйесіне көшті.

2001 ж. университет ректоры қызметін академик Т.А. Қожамқұлов (2001-2008) атқарды. 2001 ж. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің Қаулысымен Студенттер сарайына университет ректоры Ө.А. Жолдасбековтың аты берілді.

2002 ж. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың білім және ғылым саласындағы дамуының маңыздылығын, бүкіл әлем алдындағы мәртебесін ескере отырып, өнеркәсіпке ықпал ететін Ассоциация (SPI) халықаралық байқауының нәтижесі бойынша университетті «SPI алтын медалімен» марапаттады. 2003 жылы 16 қыркүйекте Еуропадағы белгілі Болонья (Италия) университетінің қабырғасында университет Дүниежүзілік университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды.

 

Академик Б.Т.Жұмағұлов әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттермен бірге

 


2004 ж. 8 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Чехия Республикасының Президенті Вацлав Клаус университеттің 70-жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шараға қатысып, ғылыми кітапхананың іргетасын қалады.

2008 жылдың мамыр айының 21-нен ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры болып Мемлекеттік сыйлықтың иегері,мемлекет қайраткері, ҚР ҰҒА академигі Б.Т.Жұмағұлов (2008-2010) тағайындалды.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың берілген тапсырмаларына сәйкес, ҚазҰУ-дың жаңа 2009-2011 жылдарға арналған даму Стратегиясы қабылданды. Университет өзінің жан-жақты қызметін кең ауқымда жүргізіп, қарқынқынды дамып, жастардың бойында азаматтық, ұлтжандылық сезімдерін, ұрпақтар сабақтастығының дәстүрлі үрдісін қалыптастыруда зор еңбек етуде. Қазір қуатты ИНТРАНЕТ корпоративті жүйесіне негізделген кредиттік оқыту технологиясы толық жолға қойылған, жастарға арналған интернет-орталығы ашылып, студенттер қалашығын толық қамтитын Wi-Fi сымсыз желісі тартылды. Студент жастардан сапалы мамандар дайындау мақсатында жүйеленген іс-шаралардың біртұтас тізбегі іске асырылды - Фарабилік пәндік олимпиадалар, жұмыс жәрмеңкелері ұйымдастырылып, алғашқы Ph.D философия докторлары дайындалып шықты. Университеттің әсем дәстүрлері жаңғырып, студенттердің өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмыстары жанданды.

 

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттеріне актылық дәрісі, қазан 2009 ж.

 

Елбасының қолдауымен университет қалашығын салудың екінші кезеңі қарқынды түрде дамып, химия, физика және география факультеттерінің жаңа ғимараттары мен еліміздің білім саласының дамуы мен өрлеуіне арналған керемет мұражайы пайдалануға берілді.

Еліміздегі жетекші университеттің мерейтойының ең жарқын салтанатты шағы - 2009 жылдың 13 қазанындағы Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: болашаққа интеллектуалдық секіріс» атты дәрісі болды. «Қазақстанға біздің ұлтымыздың әлеуетін оятуға және жүзеге асыруға жағдай жасайтын интеллектуалды төңкеріс қажет, - деді Елбасы.

Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті - қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның экономикасының өсуіне, бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауды белсенді жүзеге асырып отырған, ірі халықаралық деңгейдегі ғылым, білім ордасы, Қазақстандағы жоғары оқу орындарының ең озығы және беделдісі болып табылады. Елімізге халықаралық деңгейге сай, бәсекеге қабілетті мамандар дайындауында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың алатын орны ерекше.

 

 

ҚазҰУ студенттері ғылыми зертханада, 2008 ж.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ - Қазақстанның ЖОО арасында алғашқы ҚР Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» тағайындаған (2006) «Алтын сапа» жүлдесінің иегері, халықаралық және Евразиялық университеттер Ассоциациясының мүшесі, бірнеше рет сапаны басқару жүйесін халықаралық сертификаттау мен мамандықтар бағдарламаларын аккредитациялауды жүзеге асырған (СМЖ) (2008 -2011), білім және ғылым саласында инновациялық игі істерді дамытуға атсалысқан көшбасшы университет.

2010 жылдың қазан айынан университет ректоры қызметін академик Ғ.М.Мұтанов атқарады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті - мемлекеттің инновациялық даму саясатын іске асыру мақсатында әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналу жолында құрылымдық жаңару мен жаңғыру үстінде. Әлемдік топ – университеттер қатарында белгілі дәрежеде алға жылжып, халықаралық деңгейде өзінің бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеген университеттің алдында жаңа міндеттер мен талаптар тұр.

 

 

Нобель сыйлығының иегері Роджер Корнберг университет ректоры Ғ.М.Мұтановпен әл-Фараби кешенінде, 2011 ж. 

Белсенді түрде қоғамдық сана, өнегелі тәрбие, қоғамдық бірігу мен төзімділікті қалыптастырудағы университеттің тағылымдық саясатын сипаттайтын айрықша мәнге ие оқиғалар өтуде. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға басымдық беріліп, академиялық ұтқырлықты дамыту мен пәнаралық байланыстарды біріктіретін жаңа мықты кафедралар мен ҒЗИ жұмыстары жандандырылуда. Оқу орнының негізгі бағыты - ғылыми–зерттеу әлеуеті жоғары, заманауи инновациялық жобаларды батыл іске асыратын, халықаралық деңгейдегі өзіндік ұжымдық рухы бар интеллектуалды орта қалыптастыру.

Бүгінгі таңда университетте жоғары кәсіби білім беру көпсатылы жүйесі бойынша 25 000-нан астам студент білім алуда. Оларға 2000-нан астам профессор, доктор, ғылым кандидаты мен философия докторлары, 100-ден астам академиялардың академиктері, 30-ға жуық Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері, 30-дан астам Қазақстан Республикасының мемлекеттік және атаулы сыйлығының лауреаттары, сондай-ақ 40 жас ғалымдар сыйлығының лауреаты мен 45 мемлекеттік ғылыми стипендияның стипендианттары сабақ береді.

Халықаралық QS агенттігінің мәліметі бойынша әлемдегі үздік ЖОО-лар рейтингінде ҚазҰУ 220 орынға ие. «UI Green Metric Ranking of World Universities» ғаламдық рейтингінде ҚазҰУ 172 орынды бағындырып, үздік экологиялық университеттер 200-топ қатарында өзінің позициясын нағайтты. «Times Higher Education» британдық агенттіктің зерттеу нәтижелері негізінде ҚазҰУ Орта Азия университеттері арасында бірінші болып әлемнің үздік ЖОО-лары қатарына енді. ARES (Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік палата) еуропалық рейтингінде ҚазҰУ «АА» бағасын алды және жетекші еуропалық университеттер санатына кірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық әріптестікті белсенді дамытуда, осымен үшінші жыл қатарынан 2020 жылға дейін «Академиялық ықпал» Біріккен Ұлттар Ұйымы Жаһандық Хабын басқарады.