"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси газет

11/2/2010

Views: 3600

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәстүрлі «Ана тілі аруы» байқауы өтті. Оған студенттер арасынан 700 сұлу қатысып, тек іріктеуден өткен 14-і ғана ақырғы айналымға жолдама ұтып алған болатын. Бұл соңғы сында ерекше өнерімен көзге түскен кәріс қызы Ирина Тен дараланып, «Сымбатты ару» аталымын жеңіп алды. Қазақшаға судай Иринаның талабын байқаған біз редакцияға арнайы шақырып, аз-кем әңгімелескен едік.

- Ирина, бір қарағанға сені кәріс қызы деп айтуға ауыз бармайды. Түрің - қазақ, тілің - қазақ, тек тегің ғана кәріс ұлтынан екеніңді сездіріп қояды. Қазақша бұлайша еркін сөз саптауыңның құпиясы неде? Әлде тілің қазақша шығып па еді?
- Орыс тілі мен қазақ тілінде бірдей шықты десем де болатын шығар. Өйткені үйде әке-шешем орыс тілінде сөйлегенмен, аулада балалармен, достарыммен қазақ тілінде сөйлесіп кеттім. Маған екі тілдің аса айырмашылығы да болмаған сияқты. Екеуі де жаныма жақын, екеуінде де еркін сөйлей беремін. Қазақша еркін сөйлеуімнің сыры осы ғана, онда тұрған үлкен құпия жоқ деп ойлаймын. Тілге бейімделу айналаңда қоршаған адамдарға байланысты ғой...
- Соған қарағанда достарыңның көбі қазақтар сияқты ғой...

- Көбі емес, бәрі. Сыныптас достарым да, қазіргі курстас достарым да қазақтар. Сіз айтпақшы, менің түр-сипатым да, мінезім де қазаққа етене жақын ғой. Өзімді қазақ қызындай сезінемін.
- Ал кәрісше білесің бе?
- Кей сөздердің мағынасын білгенім болмаса, бұл тілде сөйлей алмаймын. Мүмкін кәрістердің ортасында өскенде, еркін игеріп кеткен де болар ма едім, бірақ бүгініме еш өкінбеймін.
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсіпсің. Таңдауыңа не ықпал болды? Балалық арман ба?

- Иә, балалық арман. Сәби шағымнан қолдарына микрофон ұстап, түрлі бағдарламалар жүргізетін журналистерге қызығатынмын, соларға ұқсағым келетін. Алайда жоғарғы сыныптарға көшкенде, қызығушылығым халықаралық қатынастарға ауа бастады. Көп тіл меңгеріп, өзге халықтардың мәдениетін, салт-дәстүрін зерттеп білуге қызыға бастадым. Арманның жетелегені сондай, жапон, ағылшын, француз тілдерінің курстарына қатар барып жүрдім. Бірақ бәрібір мектеп бітірер шақта балалық арман жеңіп кетті. Ақыр аяғы, міне, журналистика факультетінің 1-курс студентімін. Журналистика қызық сала ғой. Олар жаңалықтарды да елден бұрын біліп жатады, маңызды оқиғалардың ортасында жүреді үнемі. Журналистердің бір күні бір күніне ұқсамайтыны қызықтырады.
- Тілге қызығушылығың жақсы екен. Қазір қанша тілді меңгеріп үлгердің?

- Әзірге тек қазақ пен орыс тілдерінде еркін тілдесе аламын. Ағылшын, француз тілдерін оқып жүрмін, ал жапон тілінен беретін курстың аяқталып қалуына байланысты ол тоқтап тұр әзірге.
- Тіл байқауларына қатысып па едің?

- Мектепте оқып жүргенімде, қазақ тілі мен әдебиетінен облыстық, республикалық пән олимпиядаларына қатысып, жүлдегер атандым. «Қазақ тілі - айбыным» атты қалалық байқауда да жүлделі орын бұйырды. Кейінгі жарысқа өздеріңіз де куә болдыңыздар, ҚазҰУ-да өткен «Ана тілі аруы» байқауында бағымды сынадым.
- Иә-иә, осы байқау жайлы айта отырсаң... Несімен ерекшеленді, қандай әсер қалдырды?

- Байқау өте қызықты өтті. Өзгені қайдам, біз сияқты жоғарғы оқу орнына жаңа түскен 1-курс студенттеріне ерекше әсер қалдырғаны рас. Алғаш ағай келіп, «Ана тілі аруы» байқауы өтетінін хабарлағанда, көбіміз құлшына кірістік. Сөйтсек, кастингке бас-аяғы 700 қыз жиналыппыз. Әрине, бәрімізді финалға жібермесі белгілі, алғашқы сыннан іріктеп-іріктеп, 40 студентті ғана қалдырды. Бұдан кейін қырқымыз тізіліп, өнер бәйгесіне түсіп, 22-ге азайдық. Бұл да көп болса керек, ұйымдастырушылар ұлттық тағамдар жәрмеңкесін өткізді. Әрқайсысымыз жеті түрлі ұлт тағамын пісіріп, арнайы алаңда оларды әділ қазылар мүшелеріне таныстырып, кейін саттық. Әрине, пайда табу үшін емес, жиналған қаржыға сыйлықтар алып, балалар үйлеріне тараттық. Бұдан іріктеліп шыққан он төртіміз финалдық бәйгеде бақ сынадық. Маған «Сымбатты ару» жүлдесі бұйырды. Байқау барысында фотосуреттерге түсіп, олардан күнтізбе, арнайы «Ана тілі аруы» журналын шығарды. Театрға барып, қойылым тамашаладық.
- Жүлде құтты болсын. Бәйгеге қайта соғып кетейік, жәрмеңкеге сен қандай тағамдар ұсындың?

- Менің ас мәзірімде бешбармақ, қазы-қарта, бауырсақ, қымыз-шұбат, құрт және кәріс салаты болды.
- Бәрекелді! Өзің сүйіп жейтін тағамдар ма бұлар, әлде ұнатып әзірлейтіндерің бе?

- Шынымды айтсам, дастархан жасауды керемет ұнатамын. Ал бұлар - сүйіп әзірлейтін де, жейтін де тағамдарым. Мен қызығы, қазақ пен кәріс ұлттық тағамдарын қосып жегенді ұнатамын. Мәселен, бешбармаққа кәріс салатын қосып жесем, куксиге бауырсақты не қазы-қартаны қосамын.
- Екі ұлт асханасының арасында елші боп жүрмін де... Ирина, өнердің қай түріне жақынсың?

- Университеттегі «Ерке» тобының мүшесімін, мұнда бізді ән мен би өнеріне баулиды. Репертуарымызда көптеген қазақ әндері бар. Ішінде маған Мәдина Сәдуақасова орындайтын «Сүйген жүрек» пен «Бәйтерек» тобының орындауындағы «Сен» әндері ерекше ұнайды. Мектеп жасымда домбыра үйірмесіне де қатысқанмын, бірақ шебер күйшімін деп айта алмаймын.
- Кәріс ұлтының өнері, салт-дәстүрі қызықтыра ма?

- Әрине, қызықтырады. Салт-дәстүрінің көбімен таныспын. Олардың басым бөлігі қазақтікіне жақын. Үнемі салыстырып, қызықтап жүргенім...
- Соңғы сұрақ. Болашақтағы арманыңмен бөліссең...

- Телевидение саласының журналисі болып, екі тілде де хабар жүргізіп, қазақ еліне еңбегімді сіңіру...
- Оң болсын, арманыңа жеткейсің! Ал сұхбатыңа рахмет!

Әңгімелескен
Нұрболат Аманжол