Қожакеев оқулары өтті

3/28/2022

Views: 1510

                                                                            

Қожакеев оқулары өтті

       Биыл – белгілі ғалым, қазақ журналистикасының бірнеше буынын тәрбиелеген ұстаз Темірбек Қожакеевтің туғанына 95 жыл. Осы айтулы датаға орай Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінде «Темірбек Қожакеевтің сатиралық және әдеби мұрасы: таным мен талғам табиғаты» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.

     Конференцияға Журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сансызбай Мадиев мо­дераторлық етті. Ғылыми жиын ғалым еңбектерінің «Қайталанбас нар тұлға», «Темірбек Қожакеев – ұстаз, ғалым, қайраткер» тақырыбындағы фото және кітап көрмесінің ашылуымен басталды.

     Ғылыми жиынға қатысушылар қазақ са­тирасының дамуына зор үлес қосқан ғалымның өмірі мен шығармашылығына қатысты естеліктерімен бөлісіп, ғылыми еңбектеріне талдау жасады. Қазақстан Жазушылар одағы Сатира кеңесінің төрағасы Ермахан Шай­хыұлы «Қожа­кеевтің құнды қазынасы» баяндамасында: «Темірбек Қожакеұлы – қазақ сатирасын егжей-тегжейлі зерттеп, сатиралық жанрлар жүйесін жете зер­делеген һәм теориялық жағынан негіз­деген ғалым. Бұған дейін қазақ әдебиеттану ғылымында сатира мен юморды терең зерттеп, талдаған ғалым бол­ған жоқ. Ғалымның қаламынан туған ғылыми еңбектерді жинақтаса, қазақ сатирасының энциклопедиясы секілді толымды дүние әрі болашақ оқырмандар мен жас зерттеушілер үшін аса құнды ғылыми еңбек болар еді» деп атап өтті.

     Ұстазын «Темірдей тәртіптің адамы болатын» деп атап өткен Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып шәкірт әрі әріптес болған жылдардағы естеліктерімен бөлісті. Халықаралық «Алаш» сыйлығының лау­реаты Нұрлан Қалқа: «Тағдыр маңдайыма жазған бір бақыт бар. Ол – Темірбек Қожакеев ағамыздың ұстазым болуы. Ол – мені шәкірті ретінде тануы, қамқорлығын көрсетуі, диплом жетекшім болып, ғылыми зерттеуіме басшылық жасауы. Темірбек Қожакеұлының өмірі, ұлтына жасаған адал қызметі және шығармашылық жолы – бізге, жас ұрпаққа қымбат қазына, өшпес өнеге» деп әдемі естеліктерімен бөлісті.

     Жиынға, сондай-ақ сатирик Толымбек Әлім­бекұлы, А. Ясауи атындағы ҚТУ про­фессоры Бекжігіт Сердәлі, ХАТУ Ме­­диа­­ком­муникация және Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Аязби Бейсенқұлов, Жамбыл радиосының жетекшісі, сатирик Бақытжан Советұлы, «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепберген, Л. Гумилев атын­­дағы ЕҰУ кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлмира Әшірбекова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз және элекронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, профессор Гүлмира Сұлтан­баева, тағы басқа да ғалымдар қатысып, Темірбек Қожакеев еңбектеріне ғылыми талдау жасады.

     «Қожакеев оқулары» аясында жыл сайын байқау ұйымдастырылады. Биыл да сол дәстүр жалғасын тауып, жас ғалымдар мен студенттер арасында ұйымдастырылған «Ең үздік ғылыми жоба», «Ең үздік публицистика», «Ең үздік сатиралық туынды», «Ең үздік мультимедиалық жоба» номинациясы бойынша жеңімпаздар марапатталды. Қожакеев отбасы тағайындаған шәкіртақыға 9 сту­­денттік жұмыс лайықты деп табылды.

Ең үздік публицистика номинациясы:

1-орын Шұғыла Абдибай. Ғылыми жетекшісі: Әсел Әлім.

2-орын Әмре Жәнібек. Ғылыми жетекшісі: Әсел Әлім.

3-орын Боранбай Динара. Ғылыми жетекшісі: Назкен Жансерікқызы.

 

Ең үздік мультимедиалық жоба:

1-орын Сұлтан Бағдат. Ғылыми жетекшісі: Римма Жақсылықбаева.

2-орын Еркебұлан Қарашев. Ғылыми жетекшісі: Бекжігіт Сердәлі.

3-орын Қайрат Малика. Ғылыми жетекшісі: Ақниет Пернебайқызы.

 

Ең үздік ғылыми жұмыс:

1-орын Темірболат Жұлдызай. Ғылыми жетекшісі: Ниетбала Алтынбекқызы.

2-орын Назым Тугозбаева. Ғылыми жетекшісі: Сейдолла Садықов.

3-орын Айбек Берікболұлы. Ғылыми жетекшісі: Гүлмира Сұлтанбаева.

 

     Ғылыми жиынның қорытындысы ретінде конференция материалдары жеке жинақ болып «Қазақ универеситеті» баспасынан жарық көреді.

 

Алтын Ақынбек,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультеті

Баспасөз және электронды

БАҚ кафедрасы меңгерушісінің

орынбасары