Студенттер қылқаламы «Журналист» газетінде

14.12.2022

Просмотров: 843

Журналистика факультетінің шығармашылық әлемі қайнаған қазандай тасыған орта десек, қаламы жүйрік шәкірттер беталысын аңғартатын «Журналист» газетінің жөні бөлек.

 

Факультетте жаңа ашылған Шерхан Мұртаза атындағы «Журналистік шеберлік мектебі» үйірмесі мен «Медиа этика» пәні аясында (4-курс) «Журналист» студенттердің оқу-тәжірибелік газетінің кезекті саны жарыққа шықты. Студенттер мақаласы арқылы әрқайсысының өзіндік жазу ерекшелігі мен қолтаңбасын байқауға болады. Кейбір мақалада ұлтжандылық сипат көрініс берсе, ал, бірінде ерекше эмоцияны, жастық жалын лебін аңғарамыз.

 

Академик Зейнолла Қабдолов: «Тума көркемдік қабілет кез келген кісіде бар. Олай болмаса, кез келген кісі өнерді де, көркем әдебиетті де жан-жүрегімен қабылдап, сезіне, түсіне алмас еді», - десе, профессор Темірбек Қожакеев мынадай тұжырым жасайды: «Біреудің жақсы журналист немесе жазушы болғысы келді дейік. Сөз жоқ, мұның бірінші шарты – адамда табиғи қабілеттің болуы. Екінші шарты – сол қабілеттің үстіне ізденуге ынта, талап керек. Бұл да жеткіліксіз. Енді сол көрінген, байқалған қабілетті ұқсату үшін зергердің қылыш, қанжар соға білетініндей білім керек. Ол білімнің екі көзі бар. Бірі – баспасөз, екіншісі – өмір»,-демекші, әр журналист өмірдің шындығын дұрыс талдап, сараптап көрсете білгенде ғана ерекше еңбегімен бағаланады. Кез келген мәселеге байыпты қарай білудің өзі журналист патриоттығының, оның тәлім-тәрбиесінің көрінісін білдіреді. Әлі талай оқырманға жол тартатын «Журналист» газетінің бағдары да, болмысы да нақ осындай болмақ.

 

«Журналист» студенттердің оқу-тәжірибелік газетінің жаңа санының шығуына атсалысқан Журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының студенттері, магистранттары мен докторанттарына алғыс білдіреміз! Шығармашылық шабыт шалқарын, биік талап өресін тілейміз!

 

 

ЖАҚСЫЛЫҚБАЕВА Римма,

Журналистика факультетінің

қауымдастырылған профессоры,

филология ғылымдарының кандидаты