Цифрландыру мен ашықтыққа бағыт

12.08.2020

Көрулер: 3663

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми кеңесінің отырысында білім беру процесінің ашықтығы мен айқындығын арттыру бойынша шаралар талқыланды. Отырыс барысында ҚР БҒМ сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартын енгізу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және ЖОО-ның бизнес-үдерістерінде заманауи цифрлық технологияларды қолдану мәселелері қаралды.

Күн тәртібіндегі негізгі баяндамамен университеттің әдеп және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкіл, проректор Шолпан Жаманбалаева сөз сөйледі. Ол ҚазҰУ «сыбайлас жемқорлықтан тыс университет» жобасы аясында студенттер мен оқытушылар арасында әдеп стандарттарын енгізуге және кез келген жосықсыз тәжірибеге нөлдік төзімділік қағидатына негізделген корпоративтік идеология құрылғанын атап өтті. Қызметтердің ашықтығы, ақпаратқа қол жеткізу және қызметті бақылау барлық бизнес-процестерді цифрландыру арқылы қамтамасыз етіледі. Е-Campus бағдарламасы, профессорлық-оқытушы құрамның қызметін және студенттердің оқу жетістіктерін бағалаудың жаңа әдістері мен технологиялары енгізілуде, қаржылық жұмыстың ашықтығын арттыру бойынша шаралар іске асырылуда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігіне мониторинг жүргізілуде. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды ұстануды растау мақсатында жаңа 2020-2021 оқу жылынан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатын сақтау бойынша оқытушылар мен қызметкерлердің еңбек шартына, студенттермен оқыту туралы шартқа қосымша келісімдер енгізілетін болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешен шеңберінде алқалы органдар мүшелерінің қағидаттары мен жауапкершілігін, ҚазҰУ-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуелсіз сараптама және құқық қолданудың қоғамдық мониторингі туралы ережені көздейтін корпоративтік басқару кодексі әзірленуде.

ҚазҰУ Ақпараттық технологиялар және инновациялық даму институтының директоры Ерлан Қыстаубаев криптографиялық қорғауды және ақпарат пен ресми құжаттарды сақтаудың таратылған жүйесін қамтамасыз ету үшін блокчейн технологиясын енгізу жобасы туралы айтып берді. Бұл жүйе ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткізуден қорғайды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тиімді төмендетуге ықпал етеді. Баяндамашы атап өткендей, жобаны жүзеге асыру үш кезеңде жүзеге асырылады. Алғашқы үш айда блокчейн технологиясының мәселелері, әдістері, модельдері, алгоритмдері зерттеледі. Екінші кезең халықаралық платформаға интеграцияланған құжаттарды тексерудің ақпараттық жүйесін жобалауды және әзірлеуді қамтиды. Соңғысында блокчейн технологиясын қолдана отырып, жоғары оқу орнында оқу процесінің ресми құжаттарының сандық тізілімін қалыптастырудың ғылыми-әдіснамалық негіздемесін әзірлеу жүзеге асырылады. Жобаны 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. 

Отырысқа қатысушылар, сондайқ, университетте көрсетілетін Е-қызметтер тізбесін кеңейту, студенттермен онлайн форматтағы әлеуметтік өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру және ҚазҰУ-дың әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарын дамыту арқылы ақпараттық ашықтықты арттыру жолдары бойынша ұсыныстарды талқылады.

www.kaznu.kz