Ғылыми мектеп

 «7М01701 – Қазақ тілі мен әдебиеті», «8D01701  – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламалары

Негіздемесі:

Бағдарлама аналитикалық және шығармашылық ойлау қабілетіне ие, қазақ тілі мен әдебиетін зерттеудің, оқытудың, заманға бейімдеудің әдіснамалық принциптерін сын тұрғысынан бағалауға және әдістемелік зерделеудің жаңа тәсілдерін синтездеуге, оларды тиімді оқыту барысында қолдануға, отандық және әлемдік нарықта жүзеге асыруға қабілетті маманның кәсіби тұлғасын қалыптастыруға; қазіргі тіл мен әдебиетті оқытудың өзекті мәселелері бойынша өз пікірін дәлелді түрде ұсынуға; командада жұмыс істеуге бағытталған.

ББ ғылыми мектеп. Ғылыми мектеп немесе кафедраның ғылыми бағыттары (ғылыми жобалар): 1) Тіл мен әдебиетті оқытудың ғылыми концепцияларын, ұғымдық-категориялық аппаратын әзірлеумен айналысатын – теориялық және әдіснамалық әдебиеттану және тіл білімі; 2) Ұлттық әдебиеттерді салыстырмалы-тарихи зерделеуге, әлемдік және отандық әдебиеттің даму заңдылықтарын анықтауға негізделген – әдеби компаративистика; 3) көркем мәтіндердің жұмыс істеу ерекшеліктерін, табиғатын зерттейтін – интертекстология және текстология; 4) гуманитарлық пәндерді оқытудың жаңа әдістері мен тәсілдерін әзірлеумен және енгізумен айналысатын – филологияның инновациялық және коммуникативтік технологиялары; 5) өткен және қазіргі көркем мұраның маңыздылығын бағалаумен, тарихи-мәдени үдерістегі жазушының орны мен рөлін анықтаумен айналысатын – әдеби сын; 6) көркем шығармадағы мағыналарды қабылдау мен түсіндіру ерекшеліктерін зерттейтін – герменевтика мен рецептивтік эстетика; 7) тілдік тұлға және құндылықтардың тілдегі көріністерін зерттейтін – лингвистикалық аксиология.

ББ өзектілігі. Әлем жаһандық сын-тегеуріндер кезеңінде,  технологиялық жетістіктер мен инновацияларлардың қарқынды дамуы тұсында өмір сүруде. Жаһандық жаңа даму жағдайында білім және ғылым өзгерістердің алдыңғы қатарында тұруы тиіс. Әлемнің жетекші экономикалары жоғары деңгейдегі адам капиталы есебінен ғана гүлденуге қол жеткізуде. Оған жаңа білім беру стратегиялары мен саясаты ықпал етеді.

          2019-2021 жылдарына арналған білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша еліміздегі педагог кадрларды кәсіби дамытудың жаңа тетіктері енгізілді. Негізгі аспект педагогтің зерттеу қызметі болуда.   

          Қазақстандық білім беру мен ғылым жүйесін жаңғыртудың қазіргі заманғы кезеңі педагог кадрлардың жаңа кәсіби дағдыларды алу, зерттеу және шығармашылық құзыреттерін дамыту мүмкіндіктерін көздейді. Осы ретте отандық және әлемдік әлеуметтік-гуманитарлық ғылым жетістіктерінің парадигмасында қазақ тілі мен әдебиетінің теориялық мәселелері мен оны оқытуға арналған өзекті ғылыми, тәжірибелік мәселелерді өз бетімен жүргізіп, шеше алатын педагог мамандарын даярлау өзекті болып табылады.

 Білім беру бағдарламасы қазіргі әдебиеттану, тіл, педагогика  мәселелері бойынша жүйелі білімі мен сыни көзқарасы қалыптасқан, белгілі бір саладағы мәселелерге кәсіби және жан-жақты талдау жүргізетін, ғылыми жобалар мен зерттеулерге сараптама жүргізе алатын  педагогикалық кадрларды даярлау қажеттілігімен негізделген. 

Нарықтың қажеттілігі. Қазіргі тарихи-мәдени және экономикалық үдерістердің даму тенденциялары контекстінде қазақ тілін және көркем әдебиет шығармаларын зерттеу, түсіндіру және сараптаудың өзіндік стратегиясын әзірлеу басым бағыттардың бірі болмақ. Осы орайда  қазақ тілі мен әдебиетін оқыту нәтижесіндегі жаңа идеяларды, әдістер мен тәсілдерді отандық және әлемдік нарықта жүзеге асыруға деген көзқарастарды сыни талдап, бағалай, синтездей алатын, өзін-өзі реттеуге, кәсіби қызметтің түрі мен сипатын икемді өзгертуге қабілетті, әлеуметтік және кәсіби бейімделудің жоғары дәрежесі бар бәсекеге қабілетті тұлға даярлау өзекті болып табылады.