Жалпы физика кафедрасы (1986-1994)

1976-1979 жылдары жалпы физика және физиканы оқыту әдістемесі кафедрасын С.П.Пак басқарды, ал 1979 жылдан бастап кафедра меңгерушісі болып профессор Л. А. Вулистің алғашқы шәкірттерінің бірі - проф. С.И.Исатаев тағайындалды. 1986 жылы кафедра құрамынан физиканы оқыту әдістемесі кафедрасы бөлініп шықты және оның бұрынғы атауы - Жалпы физика кафедрасы қайтарылды.

 

Исатаев Совет Исатаевич
 

Исатаев Совет Исатаевич - ф.-м.ғ. кандидаты, профессор, жылуфизика кафедрасының құрметті меңгерушісі, физика факультеті Ғылыми кеңесінің мүшесі. КСРО Жоғары білім беру үздігі, ҰОС еңбек майданының қатысушысы, Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына байланысты "Алғыс хат" марапатына ие болған. "Механика", "Қанат теориясы", "Механиканың таңдаулы тараулары", "Жылуфизикалық есептеу әдістері", "Жылуфизика бойынша зертханалық және ғылыми-зерттеу қондырғыларын жобалау әдістері" жалпы және арнайы курстарын оқиды, студенттердің бітіру жұмыстарына және магистрлік диссертацияларға жетекшілік етеді. Ғылыми қызығушылықтар шеңбері: гидроаэродинамика және конвективті жылу алмасу, ағыс ағындарындағы және шекаралық қабаттағы турбуленттіліктің дамуын зерттеу, гидродинамика және үстіңгі қабаттардың айналуындағы жылу алмасу. Профессор С.И.Исатаевтың басшылығымен КСРО ҒА 20-дан астам ғылыми мекемелерінде енгізілген ағындардың турбуленттік сипаттамаларын өлшеуге арналған термоанемометриялық аспаптар жүйесі, сондай-ақ молекулярлық физика бойынша 11 зертханалық қондырғылар жиынтығы әзірленді.