"Алматы ақшамы" газеті

06.05.2019

Көрулер: 812

ДАРЫНДЫ СТУДЕНТТЕР МЕКЕНІ. Сыйластық пен шынайы достық ордасы

05.04.2019

85 жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  еліміздің жоғары оқу орындары арасында «Сапа саласындағы жетістік­тері үшін» сыйлығының иегері.

ҚазҰУ еліміздің жоғары оқу орындарының ішінде тұңғыш рет QS Stars – «Төрт жұлдыз» үстемдік белгісіне ие болды. QS Агенттігінің 2018 жылы жүргізген дербес бағалау қорытындылары бойынша ҚазҰУ «QS Stars Development Road map» халықаралық рейтингісінің  осы «Төрт жұлдыз» үстемдік белгісін Қазақстанда алғаш болып иелен­ген Орталық Азия аймағындағы тұңғыш универ­ситет болды.

Университетте 16 факультет, колледж, ғылы­ми-зерттеу институттары, әр түрлі мамандықтар бойынша докторлық диссертацияларды қорғау бойынша мамандандырылған диссертациялық кеңестер, сондай-ақ  біліктілікті арттыру институты бар. Білім ордасында 25000-нан астам студенттер оқиды. Университеттің әскери кафедрасы бар, бұл кафедра білікті офицерлер дайындап шығарады.

Біздің ерекше мақтанышымыз – қалашығы­мыздағы толыққанды білім беру бағдары және бос уақытты бекер өткізбес үшін барлық жағдай жасалған кампус: жаттығу залы, спорттық алаңдар мен секциялар,  студенттерге қызмет көрсету орта­лығы. ҚазҰУ республикада ең жақсы сту­денттік  спорт базасына ие: 5 мың көрерменге арнал­ған  стадион, екі қосалқы футбол алаңы, теннис корттары, жазғы ойын алаңдары, жаттығу залы және күрес, бокс, ырғақты және спорттық гимнастика алаңдары студент-жастарға қызмет етеді. 2,5 миллион данадан астам кітап қорына ие  кітапхана да  біз жиі баратын рухани орталығы­мызға айналған. Сондай-ақ, студентердің көшбас­шылық қабілеттерін, ұйымдастырушылық қасиет­терін дамыту мақсатында жастар ұйымдары коми­теті жұмыс істейді. Ғылыммен айналысқысы келетін студенттер үшін де дәстүрлі түрде «Ғылым әлемі» сияқты конференция, форумдар ұйымдастырылып, өткізіліп тұрады. Инновациялық жобаларға құштар, заман ағымнан қалмауға тырысатын студенттер үшін әр факультетте бизнес-инкубаторлар, университетте технопарк қызмет етеді.

Бүгінде Қазақ ұлттық университеті  талантты, дарынды студенттердің басын біріктіріп отырған сыйластық пен шынайы достықтың ордасы. Бұл білім шаңырағы   адамның білікті, парасатты тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, оның қабілетін жан-жақты ашатын құт мекен.

            Ж.А.АМЕТОВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы,          

            А.Р.ИСРАИЛОВА, Д.А.ОРАЗМОЛДА, 4-курс студенттері.