"Білім шапағаты" республикалық газеті

06.05.2019

Көрулер: 755

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 85 жыл

4 апреля 2019

Бүгін еліміздің жетекші университеті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 85 жыл толып отыр. 1934 жылдың 15 қаңтары Қазақстандағы тұңғыш көп салалы университеттің ресми ашылу күні болып саналады. Сол күні оқытушы-профессорлар құрамы туралы бұйрыққа қол қойылып, алғашқы студенттерді қабылдау басталды. Университет құрылғаннан бері Қазақстанның әлеуметтік-саяси өміріне және экономикасына аса зор үлес қосып келеді. Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық ғылым және білім беру кеңістігінде өзінің лайықты орнын алып, жоғары білім саласындағы әлемдік көшбасшы университеттің біріне айналды.

 

 Университеттің тарихы еліміздің маңызды кезеңдерімен тығыз байланысты. Оның құрылуы ұлттық кадрларды даярлау мәселесін шешуге бағытталған болатын. Осы міндеттерді жүзеге асыруда университеттің алғашқы ректоры Федот Оликов елеулі рөл атқарды. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарының соңында Қазақ мемлекеттік университетіқ ұрамында бес факультет және қазақ жастарына арналған дайындық бөлімі жұмыс істеді. Қазақстандық кадрларды дайындауды басты мақсат тұтқан жас университеттің қанатын кеңге жаюына екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы кері әсерін тигізді. Университет қысқартылған бағдарламаларға көшуге және бірінші кезекте майданға қажетті мамандар дайындауға мәжбур болды. Отан қорғауға аттанған оқытушылар мен студенттердің көбісі ұрыс алаңынан қайтпады. Олар Отан үшін от кешкен қан майданда асқан ерлік үлгісін көрсетті. Университет түлегі Александр Попов Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Соғыс жылдарында Ресей, Украина және Белоруссияның ірі ғылыми-зерттеу институттары мен зертханалары ҚазМУ-ге ауыстырылды. Осынау ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде мол тәжірибе қалыптастырған кешенді орталықтардың серпінді ықпалының нәтижесінде Қазақ университетінде химия, астрономия, физика, тарих және тілтану салалары бойынша жаңа ғылыми мектептер ашылып, іргелі ғылыми орта қалыптаса бастады.

Соғыстан кейінгі жылдарда ҚазМУ республиканың өндірістік- экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық салаларына жоғары білікті кадрлар даярлаудың жетекші орталығына айналды. Сол жылдарда университетті басқарған Иван Лукьянец, Төлеген Тәжібаев, Асқар Закарин және Темірбай Дарқанбаев сынды қайраткер-тұлғалар университеттің білім беру бағыты мен ғылыми-зерттеу саласын жетілдіруде айырықша қызмет атқарды. Осы тұста кафедраларды белгілі тұлғалар Ермұхан Бекмаханов, Әбікен Бектұров, Константин  Персидский сияқты беделді ғалымдар басқарды.

Университет аудиторияларында есімдері әлемге танымал МұхтарӘуезов пен Қаныш Сәтпаев сынды әйгілі ғалым – академиктер лекция оқығанын бүгінде мақтанышпен еске аламыз. 1960-1980 жылдары оқытушы-профессорлық құрамы күрделі де жан-жақты, көпсалалы жұмыстар атқарып, кешенді ғылыми зерттеулер жүргізуге қол жеткізді. Бұл тұста университетті басқарған ректорлар АсқарЗакарин, Өмірбек Жолдасбеков, Еділ Ерғожиннің ұйымдастырушылық қабілеттері арқасында ҚазМУ посткеңестік кеңістіктің жетекші ғылыми орталықтарының біріне айналды. Сол кезеңде университет шетелдерге білімді кадрлар даярлау жұмыстарын жолға қоя бастады. Атапайтарлық бір жайт, сол жылдарда танымал ғалым және білікті ұйымдастырушы Ө.Жолдасбековтың басшылығымен «ҚазҰУ қалашығы» бірегейоқуғимараттары мен тұрғындық кешендер құрылысының алғашқы кезеңі басталған болатын.

Автор:
Алмас Бердақын, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ философия және политология факультеті дінтану мамандығы бөлімінің 4-курс студенті.