«Golden Mind of KazNU» интеллектуалды сайысы өтті

30.04.2019

Көрулер: 2875

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 85 жылдығымен қатар келген биылғы «Жастар жылы» аясында университет студенттерін қолдау мақсатында Жоғарғы "Студенттердің Ғылыми Қоғамы" ұйымының ұйымдастыруымен "Golden Mind of KazNU" интеллектуалды сайысы өткізіліп, өз мəресіне жетті.

Интеллектуалды жобаға университетіміздің әр факультетінен 600-ден астам студент қатысып, бақтарын сынады. Білімділер додасынан оза шыққан 30 қатысушы жобаның мәресіне дейін ой жарыстырып, жүлделі орындар мен марапаттарға ие болды. Сайыс нәтижесі бойынша, гран-при иегері – Оспанова Еңлік биология және биотехнология факультетінің 1 курс студенті, 1 орын – Жақсылық Əсел химия жəне химиялық технология факультетінің 2 курс студенті, 2 орын – Зейнелова Дариға биология және биотехнология факультетінің 1 курс студенті, 3 орын – Тузелбаев Мухамбет Қанафия химия және химиялық технологиялар факультетінің 2 курс студенті ие болды.

Білімділер мен біліктілер ішінен жеңімпаз атанғандарға Ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департамент атынан сертификаттар, «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының қолдауымен 2 адамға Ыстықкөлге жолдама, "Flyup Group" робототехника жəне IT компаниясы ұсынған бір жылдық тегін оқу гранты, сонымен қатар "Қазына тек қазақша кітап" баспа үйінен берілген ақшалай және білімдерін шыңдау мақсатында әдеби кітаптар, механика-математика факультетіндегі механика кафедрасынан ҚазҰУ имиджіндегі түрлі сыйлықтар ұсынылды.

www.kaznu.kz