Түлектер даярлаған төл орда

29.04.2019

Көрулер: 2951

Қара шаңырағымыз ҚазҰу-дың 2012-2017 оқу жылғы, физика-техникалық факультетінің түлегі Төлеген Айдана Маратқызы сұхбатымызды мына сауалдан бастасам деймін:

- Неге Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті?

- Сәлеметсіз бе?! ҚазҰу-ды таңдаудағы бірнеше себеп бар: Біріншіден, ҚазҰу еліміздегі басқа ЖОО-нан білім саласынан әлдеқайда биік тұрады. Екіншіден, ҚазҰу қалашығының көз тартар сұлулығы мен студенттердің білім алуына жасалған жағдай дер едім. Үшінші себеп, ҚазҰу мүмкіндіктер мекені, болашағымды айқын етер мекен.

-Мүмкіндіктер мекені деп айтып қалдыңыз! Сол мүмкіндікті ҚазҰу сізге сыйлай алды ма?

- Әрине, мен физика-техникалық факультетінің, ядролық физика кафедрасын бітіріп, қазіргі таңда бала күнгі арманымның шындыққа айналғанына әрдайым бітірген оқу ордамның ықпалы көп деп ойлаймын.

-Қазіргі таңда сіз Алматы қаласында, Б.Атыханұлы атындағы №36 мектеп-гимназияда физика пәнінің мұғалімісіз. Жас маман ретінде, айтыңызшы ұстаз болу қиын ба?

- Ұстаз болу алғашында қиын болды. Несін жасырайын, жас болғасын балалар тыңдамайды, мойындағылары келмейтіні де бар. Қазіргі балалардың энергиясы өте көп деп едім. Бірақ, әр мамандықтың өзіндік қиындығы мен қызығы қатар жүретіні белгілі ғой.         Қазір, үйрендім, оның үстіне әріптестерім де өз білгендерімен бөлісуден шаршаған емес.

-ҚазҰу-да өткен 5 жылыңызда естен кетпестей естеліктеріңізбен бөліссеңіз?!

-Мен алғаш балмұздақ болып келгенде, №5 студенттер үйінде тұрдым. Студенттік шақтың ең қызықты сәттері жатақханада өтті десем артық айтпағаным. Әр өңірден жиналған студенттер жиналып ән айтатынбыз, біздің факультеттің сабақтары қиын болғанымен белсенділік өмірден шет болғаным жоқ. Ұйымдармен бірге жатақхана алдында ән шырқап, түрлі іс-шаралар ұйымдастыратынбыз. Жатақханада тұрғанда, курстас ұлдар әрдайым аш жүретін. Біздің факультетте оқып жүрген ұлдардың біразында степендия атымен болмайтын. Емтиханда біразы қағылып қалатын. Біз оларды аяп, әрі аш жүрмесін деп тамақ жасап беретінбіз. ҚазҰу маған осындай ұйымшыл достарды сыйлады.

-Университетіміздің білім беру саласы көңіліңізден шығатын ба еді?

-Факультетте білікті де, білгір ұстаздар дәріс беретін. Дәрісті сан түрлі қырынан талдап, студенттің түсінуіне бар жағдайды жасайтын. Одан бөлек студенттердің білім деңгейін тексеруге арналған аралық бақылаулар мен емтихандар студенттердің білімге деген құштарлығын оятады. Білімді студенттерге арналған түрлі білім додаларына ұйымдастырып, шәкіртақы тағайындауы білім беру саласындағы ұтымды әдіс деп ойлаймын.

-Ұстаз ретінде сіз аталған әдістерді өзіңіздің тәжірибеңізде қолданасыз ба?

-Мен әрдайым өз ұстаздарымнан үлгі алатынмын. Кішкентай күнімнен, ұстаздарымның іс-әрекеттері мен айтқан сөздерін қайталағанды ұнататынмын. Бұл әрине еліктеушілік деуге келмес. Ұстаздарымның ұтымды әдістерін, қазіргі заман талабына сай мектеп оқушыларына икемдеп өзгертіп, қолданамын.

-Қазіргі ҚазҰу жастарына айтар әпкелік ақылыңыз?

-Студенттік шақ-жастықтың ең тәтті кезі. Сол үшін оны тек білім жолына арнамаңыздар. Өздеріңізді дамытыңыздар, жан-жақты қырларыңызда ашыңыздар, достарыңызбен көп уақыт өткізіңіздер. ҚазҰу сыйлаған мүмкіндіктен айырылып қалмаңыздар.