Маманды адам етіп тәрбиелеген ұстаз-ана

29.04.2019

Көрулер: 2461

Ару қалаға бала күнгі арманы жетелеп келген қыз бойжеткенді алғашқы күндері ҚазҰу-дың «сен тұр, мен атайын» ұстаздары қызықтырмады. Алматының әсем табиғаты, көгілдір бояуы басым Алатаудың аңғарынан аңқылдаған күздің салқын самалына еркелеп жүрген ерке қыз білім алуға келгенін мүлде ұмытты дерсіз. Уақыттың бәрін еске салатын құдіреті болмаса, ұмытып та кетер ме еді?!

Білім іздеп артына туған ауылын, ата-анасына еркелеп жүрген армансыз балалығын тастап келген көздері мөлдіреген бір топ студенттер, болашақ журналистерге дәріс оқылатын 3 залға лап беріп кіре жөнелдік. Орын жетпей қалардай көрінді ме, әлде ауылдан келген білімге құштарлық па сол залға таласа- тармаса кіргеніміз әлі есімде. Ұстаздар оқуға түскенімізбен құттықтап, алдағы оқу жылына сәттілік тілеп аудиториядан көп ұзамай шығып кетті. Әр ортада қатарларынан озып туылатын жандар болады ғой. Міне, дәл сол сияқты студенттер факультеттің ұстаздарына күн бұрын сипаттама беріп, білгеннін бүкіліне жар салып отыр. Мен де, сол ұстаздардың алдына бара-тұғын шәкірт болған соң әңгімесін отыра қалып тыңдадым. Естуімше, декан ағай сабақ береді екен. Деканды ешкім қатал деп ат қойып айдар тақпаса да, жаңбыр жаумай су болатын әдетіме салып қорықтым. Әлгі, бәріне күн бұрын мінездеме жасап отырған «пысық» қыздың қатал ұстаздар қатарына жатқызған Клара апайды мен кейін барып таныдым.

Әйтеуір, 1 курстың бірінші жартыжылдығын ел қатарлы жылап сықтап жүріп тәмәмдадық. Ауылымызға барып аз күн болса да, ұстанымы мықты ұстаздардың тапсырмаларынан құтылғанымызға мәз болып, ата-анамыздың жиған тергенін көтеріп Алматыға қайта оралдық. Жатақхана табылдырығын аттаған сәтте-ақ, алдағы жартыжылдықтың жанымыз қиналар сабақтары мен ұстаздары еріксіз ойға оралды.

Екінші жартыжылдықтың сабақ кестесі біз ауылда ештеңеге уайымдамай, мәз болып жүргенімізде даярланып қойған екен. Сабақ кестесін ашып қарасам, бейсенбі күн бірден көзге түсті. Бұл күн емес, сабақ беретін ұстаздың аты-жөні дегенім дұрыс шығар. Сол «пысық қыздың» айтқан Кларасы. Клара Қабылғазина... «Қырсыққанда қымыран іриді дегеннің кері келіп, үйден сәрсенбінің сәтті күні келдім. Сәрсенбінің сәтті болғанынан не пайда, ертең бейсенбі болса дедім іштей. «Пысық қыздың» айтқан Кларасынан қорқып сол түннің қалай өткенін білмеймін.

Сабақ таңғы 10-да, 227 аудиторияда. Жарты жыл білім алған факультетте бұл аудиторияға аяқ басуым алғаш рет. Аудиторияға кірсем, фотожурналистика саласының қажетті құралдарымен жабдықталған қарапайым аудитория, бірақ бұрын таныс емес фотосуреттерге көз үйрете алмай біраз отырдым. Сағат тілі сабақ басталар уақытты көрсетіп тыным таппай, сыртылдап тұр. Өзің қобалжып отырғанда сағаттың болмашы дауысы да жүйкеңе тиіп тағатыңды алатыны бар ғой, менің күйім де сол сәтте солай болды-ау шамасы. Көптен күткен сәт ақыры туды. Есікті әдемі киінген аққұба, денесін тік ұстап сұлулықтың ең ерекше көрінісін аудиторияға паш етіп Клара апайымыз да кіріп келді. Ұстазын ұлағат тұтқан ұстазбен менің алғашқы жүздесіп, тілдесуім осылай басталған...

Клара апайдың амандасуы, сөйлеуі аудиторияны бірден өзіне қаратып алғаны мені қайран қалдырды. Жүзіне қарап әлгі, «пысық құрбымның» айтқан сөздеріне бірте-бірте сенбей бара жатқанымды бірден ұқтым. Ұстаз бен мұғалім сөзінде айырма бар деген қарт ұстазымның сөзін сонда ұқтым. «Ұстаз» шәкіртті тек мамандыққа тәрбиелемейді, сонымен қатар адамдыққа тәрбиелейтінін түсіндім. (Аудиторияға келіп дайындап келген мәтінін оқып беретін жан ұстаз емес.)

Клара апаймен өткен бір сабақ мен үшін үлкен өмірлік мектепте білім алғанмен тең болды. Апай өзінің өмірлік тәжірибесін тақырыппен шебер үйлестіріп, түсіндіретін. Бірде Клара апайдан:

-«Журналистік жолға қалай келдіңіз?» -деген сұрақ қойдық.

Сонда апай:

-«Мектеп қабырғасында оқып жүргенде, Кеңесхан Тәкенов дейтін қазақ тілі және әдебиеті пәнінен беретін ұстазым болды. Сол кісі «сен қыздың тіліңнің желі бар, қаламыңның жүгіруі жақсы бірдеңе жазсаңшы» деп қолқалағаны бар. Міне, ұстазымның бір ауыз сөзі менің өмірлік орнымды табуына ықпал еткені бар»,- деп ыстық ықыласпен тебірене айтып бергені бар. Клара апай әрдайым дәріс алған ұстаздарымен мақтанып отырады. Журналистиканың қара шаңырағынан түлеп ұшқан түлек ретінде емес, ұстаздарының адал еңбегі мен шынайы ұлағаты үшін ұлықтайды. ҚазҰуда өткен студенттік шақтың, аты аңызға айналған, талай дүлдүл журналистердің 5 жатақханасын жыр етеді ұстаз-ана.

Алатаудың Алматысы сұлулыққа масайрап келген қыз бойжеткенге түрлі тосынсыйлар даярлап тұр екен. Ал, сол тосынсыйлардың ең құндысы ұстаз атын ұлықтап жүрген ұстаз-ана еді...

 

 

                   Әл-Фараби атындағы ҚазҰу, журналистика факультеті

                                       201-топ, Абдурахман Балым Асанқызы