"KazRoboSport 2018"- республикалық іріктеу чемпионаты өтті

10.05.2018

Көрулер: 4536

Қазақ ұлттық университетінде оқушылар мен студенттер арасында робототехникадан чемпионат өтті. Әл-Фараби ғылыми кітапханасында механика кафедрасы мен білім беру және спорт робототехникасы бойынша «КазРоботикс» қазақстандық федерациясының ұйымдастыруымен "KazRoboSport 2018" атты республикалық іріктеу чемпионаты өтті. Чемпионат аясында "KazRoboProject 2018" республикалық шығармашылық жобалар байқауының біліктілік туры және робототехника мен бағдарламалау саласындағы жас дарынды мамандардың мастер-кластары өткізілді. Қатысушылар саны 200-ден астам болды. Ашылу салтанатында ҚазҰУ Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Серік Мұхамбетжанов, механика-математика факультетінің деканы Дәурен Жәкебаев, механика кафедрасының меңгерушісі Зәуре Ракишева, «КазРоботикс» федерациясының президенті Айжан Жекеева және Алматы қаласының білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Андрей Дупик құттықтау сөздерімен қарсы алды. Механика кафедрасының профессорлары Мұратулла Утенов, Юрий Дракунов, Ербол Темірбеков, Абылай Ералиев, ҚР ҰҒА академигі Жұмаділ Байгөншеков робототехника және жаңа технологиялар саласында бірегей инженерлік жобалар конкурсының қазылар алқасы мүшелері болды. Мектептер мен ЖОО-ның оқытушылары, робототехника тренерлері IT-инжиниринг және робототехника саласындағы жас дарынды мамандардың, атап айтқанда, Мәулен Бектұрғанов (Mbionics директоры), Руслан Рахымбаев (iBECsystems директоры), Асқар Құрымбаевтың (AK CENT Microsystems директоры) мастер-класстарына қатысып, біліктілікті арттыру сертификаттарына ие болды. Чемпионаттың өтуіне ҚазҰУ мен «Жас Отан» ЖҚ демеу көрсетті.

 

Механика кафедрасы