II патриоттық «Сарбаз» ойынының үздіктері анықталды

02.05.2018

Көрулер: 4068

ҚазҰУ-дың әскери кафедрасы базасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Ғалым Мұтанов атындағы кубок үшін «Сарбаз» әскери-патриоттық ойыны  өтті. Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында ұйымдастырылған аталмыш шараға Алматы қаласының барлық аудандарының үздік мектептері қатысты.

Патриоттық ойынның шымылдығын алғы сөзімен ашып берген ҚазҰУ әскери кафедрасының бастығы полковник Олег Ажимов біздің өміріміздегі патриотизмнің маңызын атап өтіп,– Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Өз еліңнің патриоты болу – ол Қазақстанды жүрегіңде сақтау!» деген сөзін алға тартты. Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған патриоттық ойынның бас демеушісі болып келе жатқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Парасат» қызметкерлер кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев өз сөзінде Отанымыздың нағыз патриоттарын тәрбиелеуде осындай іс-шаралардың көптеп өткізілуіне баса назар аударылу керектігін атап өтіп ойынға қатысушы жастарға сәттілік тіледі.

Биылғы жылдан бастап «Сарбаз» патриоттық ойынының ақпараттық қолдаушысы республикалық әскери-патриоттық «Сарбаз» газеті болып табылады. Осыған орай «Сарбаз» газетінің бас редакторы Батырхан Қуатбек ойынға қатысушылардың алдында сөз алып осындай форматтағы ойындарымыздың болашақ отан қорғаушыларымызды патриоттыққа тәрбиелеуде таптырмас құрал екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар алдағы уақытта ойынды қала деңгейінде ғана қалдырып қоймай, облыстардан үздік мектептерді жинап республикалық деңгейге көтеру қажетттігі туралы тілегін жеткізді.

Ойынның бірінші бөлімі әртүрлі конкурстық тапсырмалардан тұрды, оның ішінде шығармашылық конкурста оқушылар әскери тақырыпта дайындап алып келген өнерлерін көрсетті. «Тарих доңғалағы» аталатын конкурста балалар мемлекетіміздің тарихы туралы, Қазақстанға еңбегі сіңген батырларымыз бен Ұлы Отан соғысы ардагерлері туралы көптеген сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ қатысушылар интерактивті лазерлік тирде ату жаттығуын орындап, мергендік машықтарын дартста көрсетіп, дене дайындығы бойынша білек күштерін ортаға салды. Ойынның ең көз тартарлық бөлімі әскерилендірілген эстафета болды, онда ойынға қатысушы жасөспірімдер ЖКҚК (жалпы әскери кешенді қорғау костюмы), атыс және әскери-медициналық дайындық, әскери топография бойынша нормативтерді орындады.

Тартысты өткен ойынның нәтижесінде және барлық кезеңдердің көрсеткіші бойынша ҚазҰУ ректорының кубогын «Бөбек» ұлттық орталығы «Өзін-өзі тану» гимназиясының командасы жеңіп алды. Екінші орынды Түркісіб ауданының № 49 жалпы білім беру мектебі еншілесе, үшінші орын Медеу ауданының М. Мәметова атындағы № 28 гимназиясының командасына бұйырды.

Сонымен қатар ойынға қатысушы оқушыларға және келген қонақтарға қонақжайлылықтың белгісі ретінде дала асханасынан сарбаздық ботқа тарту етілді.

 

Әскери кафедра