«Мен Қазақстанның патриотымын!»

25.04.2018

Көрулер: 4799

Еліміздің ең бірінші ханымы Сара Алпысқызы Назарбаеваның авторлығымен құрылған «Өзін-өзі тану» Мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, алда келе жатқан Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай және оқушы жастарды патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында 2018 жылғы 24 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әскери кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы «Бөбек» Ұлттық орталығының гимназиясында білім алып жатқан оқушылар үшін «Мен Қазақстанның патриотымын!» тақырыбында лектория өткізді.

Лекторияның негізгі мақсаты – патриотизмнің негіздерін, олардың біздің өміріміздегі маңызын, қазіргі заманғы жастарға діни экстремизм мен әлеуметтік желілер түрінде беріліп жатқан қазіргі заманғы қауіптердің әсер етуін қарастыру болып табылды.

Әскери кафедраның студенттері өздерінің патриотизм туралы түсініктерімен, қазақтың батырлары Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов, генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев пен майор, Халық Қаһарманы Азамат Жұмаділов секілді еліміздің нағыз патриоттары туралы ойларымен бөлісті.

Аталмыш лекторияда, әсіресе, болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелеудің рөлі баса көрсетілді.

Лектория соңы көңілді концерттік бағдарламамен жалғасын тапты, онда әскери кафедраның студенттері әскери жылдардан әндер орындап, Отан туралы өлеңдер оқып, Қазақстан халықтарының биін биледі. Осы тектес лекторияның қатарынан үшінші жыл өткізіліп отырғанын атап өту қажет.

Гимназия оқушылары жыл сайын студенттермен осындай тәрбиелік тағылымға толы кездесуді асыға күтеді.