«Зайырлылық және конфессияаралық сұхбаттың қазақстандық моделі»

19.04.2018

Көрулер: 2741

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Бишманов Кәкімжан Мұратжанұлының 60 жылдық мерейтойына арналған «Зайырлылық және конфессияаралық сұхбаттың қазақстандық моделі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараны ұйымдастырған Қазақ ұлттық университеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының ұжымы болды.

Конференцияның мақсаты: конфессияаралық диалогтың қазақстандық моделінің ерекшеліктерін түсіндіру, Қазақстан Республикасындағы конфессияаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру.

Конференция жұмысына отандық ғалымдар, дін саласындағы діни-сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдардың және саяси партиялардың өкілдері, ҚР жоғары оқу орындарының магистранттары мен докторанттары, Алматы қалалық діни бірлестіктер көшбасшылары клубы қатысты.

Конференцияда модераторлар қатарынан Философия және саясаттану факультетінің деканы филос.ғ.д., профессор Масалимова Ә.Р. сөз сөйледі. Пленарлық отырыста дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Құрманалиева А.Д. және Алматы қаласы, Діни істері жөніндегі басқарманың басшысы Есенбеков А.Р., Философия және саясаттану институтының Дінтану бөлімінің басшысы Сатершинов Б.М., Алматы қалалық діни бірлестіктер көшбасшылары клубының мүшелері және тағы да басқа конференцияның құрметті қонақтары құттықтау сөзімен бөлісті.

Сөз сөйлегендер зайырлы республикамыздағы діни ахуалды саралады, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауды бірінші орынға қоятын зайырлылық қағидатын, құқықтық негіздемелерді басшылыққа ала отырып, мемлекеттегі түрлі конфессия өкілдерінің арасында, дінаралық, мәдениетаралық, этносаралық қарым-қатынаста толеранттылықты одан ары дамыту және еліміздегі тұрақтылықты сақтау мәселелерін талқылады. Және осындай мәселелерді шешу мақсатында, экстремизм, терроризм мәселелерін зерттеу саласында аянбай қызмет етіп жүрген профессор Кәкімжан Мұратжанұлының еңбегінің маңызы зор екені айтылды.

Пікірталас алаңына қатысқан ғалымдар, конференция баяндамашылары қойылған мәселелердің шешімі жастар арасында діни сананы қалыптастыру, еліміздің зайырлылық сипатын негізге ала отырып конфессияаралық қатынасты дамытуға ел азаматтарының өз үлестерін қосуы деп санайды.

Әр түрлі дін өкілдерінің, отандық ғалымдардың, дінтанушы мамандардың бір жиын аясында бас қосып, дін мәселелесінде толеранттылық танытып, еркін сұхбаттаса алуы Қазақстандағы конфессияаралық жағдайдың тұрақты екендігін және оның одан әрі дамып келе жатқандығын көрсетеді және осындай ғылыми-тәжірибелік конференциялардың, іс-шаралардың өткізілуі мемлекеттік бірегейлікті, тұтастықты сақтап қалуға, халықтың бейбіт өмір сүруіне өз ықпалын тигізеді.Дінтану және мәдениеттану кафедрасы