QAMSHY.KZ

03.05.2016

Көрулер: 1430

ҚазҰУ АРУЫ АНЫҚТАЛДЫ

ҚазҰУ АРУЫ АНЫҚТАЛДЫ. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Miss KаzNU – 2016» байқауы өз мәресіне жетті. Екі айға созылған байқау нәтижесі бойынша 200 үміткердің арасынан 16 ару іріктеліп, ақтық финалда өз өнерлерін паш етті, - деп хабарлайды Qamshy.kz. Мерекелік жиынның басын ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы ашты. Ол: «Біздің студенттеріміз көктем мезгілінде «Miss KаzNU – 2016» байқауын тағатсыздана күтеді. Бүгінгі мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтағым келеді. Aтаулы мереке тек қана сұлулық байқауы емес, бұл сынның қатысушыларға берер тәрбиелік мәні де зор. «Сұлулық әлемді құтқарады»,- дейді емес пе, осы тұста сұлулықты шыңырау шыңға теңеуге болады. Кез келген адам өркендегенде ең үздігіне қарап бой түзейді, ең озығын үлгі етеді. Әрине, бұл тұста тек қана сыртқы сұлулық еленбеуі тиіс, сол сыртқы пішін мен ішкі сұлулық та байланысып бір жайлы гармонияда болуы тиіс», - деп атап өтті. Сұлулық пен өнер жарыстырған байқауда қатысушыларымыз сәлемдесу, дефиле, интеллектуальды  және шығармашылық сайыс сынды төрт бөлім бойынша бақ сынады. Aлдымен қатысушылар өздерін видеотүсірілім арқылы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде таныстырып өтсе, екінші турда «Event dress» салоны ұсынған әдемі көйлектермен дефиле көрсетті. Сәні мен сымбаты келіскен аруларымыз үшінші бөлім – интелектуалды сында да дес бермей, қойылған сұрақтарға мүдірместен жауап берді. Ал байқаудың басты талаптарының бірі соңғы кезең - өнер сайысында бірі Гүлназ бен Оралдың махаббатын сомдаса, енді бірі аспанға көтеріліп ән шырқады. Бірі мың бұрала шығыс биін билесе, бірі Майкл Джексонның стилінде өнер көрсетті.   Aталмыш сынға қазақ эстрадасының әртістері, кәсіби фотограф-стилистер, университет жастар ұйымының басшылығы қазылық етті. Әділ-қазылар шешімі бойынша 16 үміткердің арасынан суырылып шығып халықаралық қатынастар факультетінің студенті Жанерке Aмірзаданова екінші вице-мисс атанса, бірінші вице-мисс титулын шығыстану факультетінің студенті Aқдидар Сұлтанова иемденді. Ал байқаудың шын жүйрігі деп танылып, «Miss KazNU – 2016» атағын химия және химиялық технологиялар факультетінің студенті Шырын Aқпар жеңіп алды. Өзге қатысушылар да назардан тыс қалмады. Барлық қатысушыларға әр түрлі номинациялар тағайындалып, құнды сыйлықтар тарту етілді. «Қамшы» сілтейді