AIKYN.KZ

03.05.2016

Көрулер: 1806

Жақыповтың жарқын жолы

Жақыповтың жарқын жолы. Биылғы шара «Білім беру жүйесіндегі бәсекеге қабілетті тұлғаны дамытудың қазіргі тенденция­лары» атты тақырып ая­сында жүргізілді. Сондай-ақ шара аясында ғалымның артта қалған ұрпақ­тары мен ұстаздарының демеушілігімен факуль­тетте «С.Жақыпов атындағы аудитория» ашыл­ды. Аудиторияда ғалымның құнды еңбек­тері, қолжазбалары, пайдаланған заттары, өмірінен, қызметінен сыр шертетін естелік суреттер орналастырылған.  Жиында сөз алған ҚазҰУ-дың филосо­фия және саясаттану факультетінің деканы А.Ма­салимова: «Сатыбалды Мұқатайұлы – біздің факультетімізде жиырма жылдан астам уақыт еңбек еткен, әрі ҚазҰУ-да қа­зақ психологиясының кәсіби негізін салу­шылардың бірі болды. Биылғы конферен­цияның бір ерекшелігі – бір топ шә­кі­рт­­терінің үлкен ниетпен, ғалым ағаға арналған аудиторияны ашу салтанаты. Әр шәкірт өз ұстазына осындай құрмет көрсетіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Өкінішке қарай, білікті ғалым арамыздан ерте кетіп қалды, бірақ ол кісінің қалып­тастырған қазақ психологиясының мекте­бі, негіздері, осы кафедрада қалыптасып, әлі де талай мықты ғалымның қалыптасуы­на септігін тигізеді» деп ғалым жайлы жылы пікір білдірді. Сатыбалды Жақыпов атындағы ауди­торияның лентасын қиған, педагогика және психология ғылымдарының докторы, жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры Құбығұл Жа­рық­баев: «Жақыпов – қазақ психология­сы­ның көрнекті өкілдерінің бірі де, бірегейі. Осы ғылымда негізгі үш негізгі тарихи ға­лым бар еді. Оның біріншісі – педагогика­ның негізін салған академик Төлеген Тәжі­баев болатын. Ол – педагогика ғылымы сала­сында Қазақстандағы тұңғыш доктор және академик. Екіншісі – психологияда артына өшпес із қалдырған Мұқанов деген ағамыз еді. Оның 15-ке жуық еңбегі Мәс­кеуде «қазақтың психологиясы» тақыры­бын­да тұңғыш қорғалып, орыс ағайын­дар­ды қазақпен мықтап таныстырған еді. Ал біраз уақыттан кейін С.Жақыпов осы сара жолды жалғай түскен үшінші ғалымға айналды. Өзінің саналы ғұмырында Саты­балды Жа­қыпов қазақ психологиясын сан жағынан да, сапа жағынан да дамытты.Қазіргі психологияның өзекті мәселелеріне 50-ден астам кандидаттық және докторлық жұ­мысқа жетекшілік еткен бұдан басқа ғалым жоқ. Сондықтан мына конферен­ция­ның өтуі, өте орынды. Бұл кісінің бір ерекшелігі – этнопсихологияны орыстарға таныту үшін, сол тілде 20-дан астам ғылы­ми мақала жариялады. Бізде конференция­ның мате­риалдары ол кезде 19 том болып шықты. Соның әрқайсысында жаңа ой болды. Бұл қазақтың педагогикалық этно­п­сихология дейтін саласын Қазақстанда ғана емес, ТМД елдеріне жеткізген ғалым. Сондықтан да біз бұл кісінің орнын мақ­таныш етіп, кон­­ференция­ның ұйымдас­тырылып отыр­ғаны өте орынды»  деп өткізіліп отыр­ған шараға оң бағасын берді.  Көзі тірісінде 2 монография, 21 оқу құралы, 30-ға жуық әдістемелік құрал және 280-нен астам ғылыми мақалалардың авто­ры болған ғалым Сатыбалды Жақы­повтың ұстаздық кемеңгерлігі де шәкірт­терінің жүрегінде. Бүгінде білдей про­фес­сор, ғалым атанып жүрген мықты пси­хо­лог­тардың өзі ағаның мектебінен шық­қан шәкірттер екенін мақтан тұтып келеді. Халықаралық ғылыми-әдістемелік конферен­цияда ғалымдар, оқытушылар, жас ғалымдар мен студенттер Сатыбалды Жақыповтың қазақ пси­хологиясына қосқан зор үлесімен танысып, баян­дамашылардың мазмұнды ойынан ой қорытып, конфе­ренция аясында шығарылған көлемді жи­нақтың құнды материалдарымен танысты. Әсіресе, жас ғалымдар үшін бұл кон­ферен­­цияның орны ерекше болды.

Нұргүл Тоқсанбаева