Қазақпарат

30.04.2016

Көрулер: 2067

Алматыда ҚР ҰҒА академигі Төлеген Қожамқұловтың 70 жасқа толуына орай Ғылыми кеңес өтті

Алматыда ҚР ҰҒА академигі Төлеген Қожамқұловтың 70 жасқа толуына орай Ғылыми кеңес өтті. АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлеген Қожамқұловтың 70 жасқа толуына орай, Ғылыми кеңес өтізілді. Оған Алматы қаалсының әкімі Бауыржан Байбек, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова, сондай-ақ, басқа да ғалымдар мен жоғары оқу орындарының оқытушылары және студенттер қатысты. Өз сөзінде қала басшысы Бауыржан Байбек мерейтой иесін құттықтай отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарабевтың жолдаған құттықтау сөзін оқып берді. «Сіз көрнекті ғалым, білікті педагог, іскер ұйымдастырушы ретінде білім мен ғылымға мол үлес қостыңыз. Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде елеулі еңбек сіңірдіңіз. Үздіксіз ізденістеріңіздің арқасында ұлттық ғылым академигі атанып, талантты шәкірттер тәрбиелеп, ғылыми мектебіңізді қалыптастырдыңыз. Зерделі зерттеулеріңіз табыспен жалғаса берсін!» - делінген құттықтау хатта.    Өз кезегінде журналистерге берген сұхбатында Төлеген Әбдісағиұлы Қазақстанда бүгінгі таңда физика-математика саласының жақсы дамып келе жатқандығын атап көрсетті. «Қазақстанның ғылымы басқа елдердің ғылымынан қалыс қалып жатқан жоқ. Қазақ ғалымдарының еңбектері халықаралық ғылыми басылымдарда шығып жатыр. Бұл еңбектерге сілтеме жасалуы жағынан жоғары көрсеткішке иеміз. Ғылымға жастарды тартып жатырмыз. Қазақ жастарының біліктілігі ешкімнен кем емес. Елбасының арқасында талаптыға нұр жауатын заман туып тұр. Біздің іргелі ғылыммен айналысатын ғалымдардың жасаған формулалары сонау Еуропадағы Үлкен адронды коллайдерде де  қолданылып жатыр», - деді Т. Қожамқұлов. Айта кетелік, Төлеген Қожамқұлов Қазақстанда тұңғыш рет 1991 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан Эксперименталды және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтын құрды. Бүгінде бұл институт жеміс еңбек етіп келеді. Былтыр институттың алты бірдей ғылыми қызметкері Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары атанды. Олардың ішінде Төлеген Қожамқұловтың өзі де бар.