Факультет туралы

ҚҰРМЕТТІ ТАЛАПКЕРЛЕР! 

Ұлтымыздың ұлы тұлғалары М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, М.Балақаевтар негізін қалаған филология және әлем тілдері факультететінің тарихы терең, дәстүрі бай. Факультетте қазақ әдебиетінің классигі, шығармалары әлем әдебиетінің алтын қорынан орын алған академик-жазушы Мұхтар Әуезов 30 жылға таяу еңбек етті.

Факультетте әр жылдары тіл мен әдебиеттану ғылымының Республикаға белгілі аса көрнекті ғалымдары ұстаздық қызмет атқарды. Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев, академик Рымғали Нұрғали, филология ғылымдарының докторы, профессорлар Кәкен Аханов, Хайролла Махмұдов, Мая Бағызбаева, Талғат Сайрамбаев, Алма Қыраубаевалар – жарқын жүздері жадымызда жатталып қалған, біз мақтан тұтар ұлағатты ұстаздар.

       Филология және әлем тілдері факультетін бітірген түлектер арасынан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері шықты. Олардың ішінде Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Уалихан Қалижанұлы, Жансейіт Түймебаев, Алдан Смайыл сынды дара тұлғалар бар. Атақты ақын-жазушылар Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әзілхан Нұршайықов, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Қадыр Мырза-Әли, Тұманбай Молдағалиев, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев сынды қазақ руханиятындағы орны бөлек ақын-жазушы түлектерін факультет қашанда мақтан тұтады.

Бүгінде асқақ Алатаудың гүл жайнаған бөктеріндегі ҚазҰУ қалашығында орналасқан факультетте студенттердің білім алуына толық жағдай жасалған. Қазіргі уақытта факультет құрамында алты кафедра болса, соның бесеуі: Қазақ тіл білімі, Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы, Орыс филологиясы және әлем әдебиеті, Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері, Шетел филологиясы және аударма теориясы кафедралары   мамандар дайындау үдерісін жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Шет тілі кафедрасы университет факультетеріндегі әлем тілдерін сапалы оқытуда. Сонымен қатар, факультет іргелі шығармашылық одақтармен, ғылыми зерттеу институттарымен келісім-шарт негізінде тығыз байланыс жасауда. Білімгерлердің мамандану тәжірибелері осынау ғылыми-шығармашылық ортада өтеді. 

Кафедралар мен институт, лабораторияларда нәтижелі ғылыми зерттеулерімен елімізге танымал ғалым-ұстаздар еңбек етуде. Олардың қатарында филология ғылымдарының докторы, профессорлар Рақыш Әмір, Берікбай Сағындықұлы, Элеонора Сүлейменова, Светлана Әшімханова, Жанғара Дадебаев, Жұмат Тілепов, Зейнол-Ғабден Бисенғали, Аслан Жақсылықов, Баян Жолдасбекова, Темірғали Есембеков, Гүлдархан Смағұлова, Гулмира Мадиева, Алма Абдулина, Ольга Әбішева, Әнуар Тарақов, Анар Салқынбай, Дина Әлкебаева, Ольга Алтынбекова, Алуа Темірболат, Жанар Ибраева есімдерін атауға болады.

  Факультетте замана талабына сай халықаралық байланыс жақсы жолға қойылған. Академиялық ұтқырлыққа да ерекше назар аударылып отыр. 2016-2017 оқу жылында шетелден келген білікті профессорлар   Снодргас Н. (США), Сэт Агбо (Канада), Маргарет Дорлайн Голландия),   Хэнкок М (США), Анатолий Ким (Ресей), Рафаель Велез-Нунез   (Испания), Нусье М. (Франция), Наджие Йылдыз (Түркия) ағылшын,   француз, неміс, түрік, испан тілдерінде 1 жыл көлемінде студенттер мен магситарнттарға сабақ берді. Америкадан 48 студент келіп 1 жыл көлемінде дәріс алды. Болашақта бұл үрдісті дәстүрге айналдыру – басты мақсаттың бірі. Ресей халықтар достығы, Испанияның Гранада университеттерімен бірлескен Екі дипломдық магистрлік және докторлық бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Екі шет тілі мамандығының студенттері академиялық ұтқырлық бағдарламасымен 1 семестр көлемінде Вена экономика және бизнес университеті (Зальцбург, Австрия), Пекин шет тілдер университеті (Қытай), Адам ресурстарын дамыту университеті (Венгрия), Ноттингем университеті (Малазия), Гази Университеті (Түркия), М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік (Ресей) университеттерінде ақысыз білім ала алады.

Факультеттің студенттері, магистранттары мен докторанттары жыл сайын міндетті түрде мемлекет қаржысымен Стамбул (Түркия), Гумбольдт (Германия), Гранада (Испания), Будапеш (Венгрия), Евразиялық академиясы (Словакия), Пусан шет тілдер (Оңтүстік Корея), Нидерланд (Голландия), Ұлы Витаутас (Литва) университеттеріне тәжірибелік іс-сапарларға жіберіліп отырады.

Филология және әлем тілдері факультеті бәсекеге қабілетті, білімді де білікті маман дайындауда білім беру, ғылыми зерттеу, өндірістік тәжірибе бағдарындағы 3 бағытты негізге алып келеді.

Біз факультетке тіл біліміне бейімі бар, әдеби шығармашылыққа жаны құштар, ғылыми ізденіске ынтасы зор ізденімпаз, талапты да талантты жасампаз жастардың келуін асыға күтеміз. Өйткені филология және әлем тілдері факультеті – Сөз өнері өрендерін аялаған Алтын ұя.

Бүгінгі талапкер – тәуелсіз Қазақстан Республикасының дамуына өз үлесін қосар ертеңгі ел азаматы. Қасиетті білім ордасы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология және әлем тілдері факультетінің түлектері ұлттық руханияттың, рухани жаңғырудың ту ұстарларына айналарына деген сенім мол. Біз Сіздерге сенеміз, Сіздер, бізге сеніңіздер!

ӨМІРХАН ӘБДИМАНҰЛЫ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

филология және әлем тілдері факультетінің деканы,

филология ғылымдарының докторы, профессор