Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне және екінші дүниежүзілік соғысты қорытындылауға арналған дөңгелек үстел өтті

Халықаралық қатынастар факультетінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне және екінші дүниежүзілік соғысты қорытындылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Белгілі тарихшы, профессор Тілеу Көлбаев қазақстандықтардың жеңіске қосқан баға жетпес үлесі, Подольскідегі әскери мұрағаттағы өзінің жұмыстары және онда тапқан құнды құжаттары туралы өте қызықты да мазмұнды түрде әңгімеледі. Аудитория соғыс батырлары және қазақ қыздары Алтыншаш Нұрғожинова және Хиуаз Доспановалардың белгісіз ерліктері туралы әңгімелерді асқан ықыласпен тыңдады. Т.С.Көлбаевтың зерттеулері студенттерде асқан қызығушылық пен көптеген сауалдарды туындатты. Мысалы, соғыс кезінде хабарсыз кеткен туысқандарын қалай және қайдан табуға болады; қазақстандықтардың екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандығы туралы құжаттар. Патриотизм, болашақ үшін өмірдің құны, соғыстағы арулар мен әйелдер, қазіргі кезеңдегі қақтығыстар және оларды өткенмен салыстыру қызу пікір-талас туғызды. Талқылауға халықаралық қатынастар факультетінің оқытушылары, студенттері мен магистранттары, оның ішінде шетелдік студенттер де қатысты. Барлық қатысушылар ерен еңбегі үшін профессор Т.С.Көлбаевқа зор алғыстарын білдірді.

Дөңгелек үстел Германдық зерттеулер орталығы мен халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының бастамасымен проф. М.Ш.Губайдуллина, доценттер Ж.Қ.Идрышева, Б.М.Балаубаева, А.Т.Кульбаевалардың қатысып ұйымдастыруымен өткізілді.

Басылым күні :  24.05.2015