«ГҮЛІСТАН» ҮЙІРМЕСІ ИРАННЫҢ «ШАБ-И ЯЛДА» АТТЫ КӨНЕ МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ

2020 жылдың 21 желтоқсанында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы «Гүлістан» үйірмесі көне замандардан бастау алатын парсы жұртының «Шаб-и Ялда» мерекелік шарасын атап өтті.

Шаб-и Ялда жылдың ең ұзақ түніне, яғни 21-желтоқсанына сәйкес келеді. Иран күнтізбесі бойынша күздің соңғы күнінен (30-азар) қыстың бірінші күніне (1-дей) қараған түні тойланады. «Шаб-и Ялда» – «өмірге келу түні» деген мағына береді. Ежелгі ирандықтар жылдың ең ұзақ түнінен кейін біртіндеп күн ұзаратынын жақсы білген. Ирандықтардың түсінігінде күн – жақсылық пен нұрдың, ал түн – жамандық пен қараңғылықтың билік ететін кезі. Сондықтан жылдың ең ұзақ түнінде туыстар, достар мен көршілер жиналып, бір-біріне тілек айтып, Хафиз ғазалдарын оқып, ақыл-насихатқа толы әңгімелер айтып таңды атырады. Дастарханға жемістер мен аджил (қуырылған пісте, грек жаңғағы, орман жаңғағы, бадам, асбұршақ және қауын дәндерінің жиынтығы) қойылады. Анар мен қарбыз мерекелік дастарханның көркін ашатын жемістер. Бұл күн Иранда ресми мереке емес, бірақ ирандықтар бұл мерекені кең түрде тойлайды.

«Гүлістан» үйірмесі ұйымдастырған мерекелік шараға Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасының елшісі М.С. Сабер мырза, Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулы М.Фағани мырза, Иран, Пәкістан, Босния және Герцеговина елдерінің бірқатар ғалымдары мен отандық ирантанушылары, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушылары, студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысты. Сонымен қатар, еліміздегі бірқатар ЖОО парсы тілі бөлімінің оқытушылары мен студенттері қатысып, Иранның көне мерекесіне қатысты зерттеулерімен бөлісіп, Хафиз ғазалдарын оқыды. «Шаб-и Ялда» мерекелік шарасы бірнеше елдің ғалымдарының басын қосып, студенттер арасында мәдени және әдеби қарым-қатынастың нығая түсуіне ұйытқы болды.

Басылым күні :  23.12.2020